Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» басшыларына қатысты жағдайдан әуел бастан хабардар болған. Мемлекет басшысының ұстанымы айқын деген Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы өзінің телеграмдағы арнасында бүгінгі ауыс-түйістің себеп-салдарын ақтарып жазды. Айбек Смадияровтың сөзінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы басқа жұмысқа ауысуына байланысты орнын босатқан. Дегенмен де, өткен аптадағы жемқорлық оқиғасы да өз әсерін тигізген. Өйткені Президент парақорлық кезінде күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жібергенін қадап айтқан. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де қызметтік ескерту жарияланды делінген жазбада.
АЙБЕК СМАДИЯРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ, БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді.