Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 29 қаралым

Апатты үйдің тұрғындары араша сұрайды

Петропавлда ескі үйдің тұрғындарының барар жері, басар тауы қалмады.

Әкімдікке тиесілі ғимараттың төбесі опырылып, салдарынан көршілес үш отбасының пәтеріне зақым келген. Жергілікті тұрғынның бірі Ольга ханымның да баспанасы осы апаттан кейін тоз-тозы шығыпты.

Қабырғасы қақырап, құлаудың аз-ақ алдында тұрған ғимаратты жауаптылар өз көзімен көріп, сараптама тағайындаған. Нәтижесінде үйдің тұруға қауіпті екені анықталған. Әкімдік уақытша баспана беруге уәде еткенімен, әлі күнге дейін мәселе шешілмепті.

Ольга Ишутина, қала тұрғыны: «Ешқандай баспана берген жоқ. Қанша хабарласып, көмек сұрасақ та, «ертең», «бүрсігүні», «бір аптадан кейін» деп созып келеді. Жатақхана болса да беріңдерші деймін. Баратын жерім жоқ. Бұл — менің жалғыз баспанам. Сараптама әкімдікке тиесілі пәтердің кесірінен үйіміз бүлінгенін растады. Қазірдің өзінде қабырғам опырылып жатыр».

Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй қорында әзірге бос пәтер жоқ. Жауаптылар апатты үйде күнелткен тұрғындарға нақты қашан баспана кілті табысталатынын ашып айтпады.

Алёна Хан, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы: «Қазір Петропавлда 27 көпқабатты үй апатты деп танылған. Бұдан бөлек, жүзге жуық жеке тұрғын үйдің тозығы жеткен. Осыған байланысты қалада 2029 жылға дейінгі реновация бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында келесі жылы алты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланған. Жаңа баспаналарға жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтар көшіріледі. Ал қазір мемлекеттік тұрғын үй қорында бос пәтер жоқ».

Рамазан Палмағанбет

← Барлық жаңалықтар