Еліміздегі жоғары білім бағдарламаларына және оның нәтижесіне шетелдіктердің сұранысы артып келеді.
Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов елордада өткен QS Eurasia форумында айтты. Халықаралық жиында жаңа технологиялардың ғылымға әсері мен еңбек нарығына сай маман даярлау мәселелері талқыланды.
Ерлан Сыдықов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры: «Жасанды интеллект пен цифрландырудың енуіне байланысты дүние өзгеріп жатыр. Олай болатын болса, университеттердің миссиясы да, мақсаттары да өзгереді. Осы төңіректегі көп мәселені талқылауды бүгін жолға қойып отырмыз».
Мұндай іс-шара отандық жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтегі позициясын нығайтып, шетелдік студенттер мен инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады, дейді қатысушылар.
Ренато Пассаро, форумға қатысушы: «Мен Италиядан арнайы осы іс-шараға келдім. Неаполь Федерико II университетінің өкілімін. Шетелдік әріптестеріммен бірге бірнеше мазмұнды пікірталасқа қатыстым. Қазақстанға тек осы конференция үшін ғана емес, өзара қолдау көрсету мақсатында арнайы ат басын бұрдым. Басты ниетіміз — білім беру жүйесімен қатар, экономикалық және әлеуметтік салаларда да тиімді серіктестік орнатуға үлес қосу».
Үсен Астана