Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 2 қаралым

Қысым көрген ұстаздарға жағымды жаңалық

Басшылықтан қысым көріп, ата-ана тарапынан негізсіз сынға ұшыраса да, іштей тынып жүретін ұстаздар үшін жағымды жаңалық. Елімізде педагогтерді қолдау орталығы іске қосылды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа қызмет «Ұстаз» платформасының жанынан ашылды. Көмекке жүгінгісі келгендер 1472 нөміріне тегін қоңырау шалып, өз мәселесін бүкпесіз айта алады. Ең бастысы — «шағымдансам, ертең күнім не болады» деп алаңдауға негіз жоқ. Өйткені орталыққа түскен кез келген өтініш құпия сақталады. Осы және келесі аптада желі сынақ режимінде қызмет көрсетеді. Мамандар жүйенің жұмысын пысықтап, техникалық ақауларын реттемек. Ал өтініштер күрделілігіне қарай үш деңгейде қаралады. Қарапайым сауалдарға 15 минут ішінде жауап беріледі. Күрделі мәселелер бір жұмыс күнінде шешіледі. Ал өзге мемлекеттік органдардың араласуын қажет ететін жағдайлар бір айға дейін созылуы мүмкін.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Әрбір педагог 1472 нөміріне қоңырау шалу арқылы, қажетті кеңеспен өздерінің сұрақтарын шешуге көмек ала алады. Өтініштер педагогтердің құқықтары мен құпиялық талаптарын сақтап отырып қабылданады. Байланыс орталығын ашудағы басты мақсатымыз — әрбір педагогтің үніне құлақ асу, өтінішін дер кезінде қарастыру және нақты шешім табуға көмектесу.

← Барлық жаңалықтар