«Халықтық құрылысқа» бөлінген қаржының әр тиыны қатаң бақылауда болады. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқанын қадағалайтын мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті. Оны Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Әлихан Смайылов басқарады. Тізімде уәкілетті мемлекеттік орган басшылары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, облыстық мәслихат төрағалары бар. Олардың басты міндеті — жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асуын бақылап, бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу.
АҚОРДАНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Бағдарламаны іске асырудың жоспарлау мен қаражатты бөлуден бастап, нысандарды нақты пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңі бақылауға алынады. Мемлекеттік комиссия мемлекеттік сатып алулардың мерзіміне, құнына және заңдылығына мониторинг жүргізіп, тәуекел деңгейі жоғары жобаларды анықтайды және кемшіліктерді жою жөнінде шаралар әзірлейді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысына жүргізілген мониторинг бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне тоқсандық және жылдық есеп ұсынылады.
Айта кетейін, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2027 жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялап, ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаны іске қосуды тапсырған еді.