Петропавлдағы макарон цехында жұмысшының қазасына қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп болған. Яғни жұмыс беруші кінәлі болып шықты. Мемлекеттік еңбек инспекциясы құрған арнайы комиссия бір ай бұрын болған қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтады. Еске салсақ, 35 жастағы азамат қамыр илейтін аппаратты тазалап жатқан кезде қондырғы кенеттен іске қосылып кетіп, салдарынан ол айналмалы бөлшектердің арасына түсіп, алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмған еді. Тексеру барысында кәсіпорын басшылығының еңбек қорғау ережелерін өрескел бұзғаны белгілі болды. Оның үстіне, апатқа әкелген жабдықтың қолданыста жүргеніне 30 жылдан асқан екен.
АЗАТ БЕЙСЕМБИН, МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ КОМИТЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп анықталды. Құрылғымен қауіпсіз жұмыс істеу тәртібін реттейтін құжаттар болмаған. Тергеу қорытындысы бойынша мұндай қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазір Еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабымен іс қозғалды.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде өндірісте болған осы сынды екі оқиға адам өлімімен аяқталған. Ал жұмыс барысында жарақат алғандар саны 20-дан асады.