Еуропаны Үнді мұхитымен жалғайтын Қызыл теңізді географиядан барлығы біледі. Бірақ Түркиядағы қызыл өзен туралы естіп пе едіңіз? Анадолы елінде сарқырап ағып жатқан Дегирмендере өзені қан түстес реңге боялды. Бұл оқиға көпшілікті алаңдатып қойды. Қазір Ризе қаласының халқы суға жақындауға қорқып отыр. Көп ұзамай, жауаптылар бұның себебін де анықтады. Сөйтсек, жақын маңдағы шай өндіретін фабрика қалдықтарын білдірмей дарияға төгіп келген екен. Ал бұл өзен Қара теңізге барып құяды. Сондықтан экологиялық қауіп біраз елге төнуі мүмкін. Жаһандағы өзге де оқиғалар келесі топтамада.
Тағы тікұшақ құлады
ТҮРКИЯ.
Түркия армиясында тағы қайғылы оқиға. Бауырлас елдің әскери әуе күштеріне тиесілі кезекті тікұшақ апатқа ұшырады. Техника Анадолының Эскишехир провинциясында құлаған. Төтенше жағдайға байланысты Түркияның батысына жүздеген құтқарушы аттанды. Тікұшақ бортында болған адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті басылымдардың дерегінше, әуе көлігінің құлдилаған жері мен қаңқалары табылған. Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, «Эйрбас Хелликоптер» маркалы техника Эскишехир қаласынан оқу-жаттығу жиындары кезінде көкке көтерілген екен. Бұл осы айдағы Түркиядағы екінші апат. Бұған дейін, Малатья провинциясында да әуе көлігі құлаған еді. Ол авариядан 4 әскери қызметкер опат болды.
Алтын қазамыз деп ажал құшты
ИНДОНЕЗИЯ.
Сары құрлықтағы ірі елдердің бірі – Индонезиядан да маза кетті. Аралды мемлекеттің Батыс Ява провинциясында алтын кенішінде топырақ опырылып, 9 адам қаза тапты. Тағы 17 кенші із-түссіз жоғалып кеткен. Жергілікті биліктің дерегінше, аймақтағы бағалы металл қазатын орын осы уақытқа дейін заңсыз жұмыс істеп келген. Сондықтан қауіпсіздік талаптары ескерілмеген көрінеді. Апаттың артынша, ел астанасы Джакартада құтқарушылар шұғыл жиын өткізіп, оқиға туралы баяндама жасады. Іздестіру жұмыстарын толыққанды жүргізу үшін кеніштегі жағдайдың күрделілігі кедергі келтіріп отыр. Себебі арнайы барлаусыз қазылған жолдар тым тар, ал кей жерлерді жер асты сулары басып қалыпты. Айта кету керек, Батыс Явадағы бұл аудандарда халық жаппай жер қазып, алтын іздеумен айналысады екен.
Алапат өрттен 30 адам опат болды
МЫСЫР.
Мысыр халқы қара жамылды. Ел астанасы Каирдегі ірі жол айрықтарының бірінде бензин толы цистерна аударылып, соңы алапат өртке ұласты. Төтенше оқиғадан кем дегенде 30 адам опат болды. Марқұмдардың қатары сағат сайын артып жатыр. Өйткені ауыр техника ондаған көлікті жаншып өткен. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, апаттан 15 тұрғын түрлі дәрежедегі жарақат алыпты. Олар қазір ауруханаға ем қабылдауға жіберілді. Жергілікті басылымдар цистернаның дәл ірі көпір өткелінде аударылғанын хабарлады. Ондаған тонна техника бір бүйіріне жантайып, жолындағының барлығын қиратыпты. Алғашқылардың бірі болып зардап шеккендер мен опат болғандардың туыстарына Египеттің Қызыл жарты ай қауымдастығы көмек қолын созды. Айта кету керек, апат болған айналма жол Үлкен Каирдің ең маңызды көлік дәлізі саналады. Осы арқылы миллиондаған тұрғын күнделікті Гиза провинциясынан бас қалаға қатынайды.