Басыбайлы баспанам болсын деп үй іздегеннің алдынан үймелеп шығатын риелторларға тықыр таянды. Жылжымайтын мүлік нарығынан нәпақасын тауып жүргендердің жұмысына енді ережелер енгізіледі. Делдалдардың қызметінде шикілік көп екені рас. Соның бірі – кейде риелтордың көмегінсіз-ақ үй тапсаң да, комиссия төлеуге мәжбүр боласың. Бұл қаншалықты заңды? Халық қандай шаруа атқарғаны үшін ақы төлеуге тиіс және оның сомасы қанша? Әріптесімді тыңдайық!
Бұйыртса осы кабинетте біз ЛФК мамандарын отырғызуға, мына жерге тренажерлардың барлығын қоюға жоспарлап отырмыз.
Жазира Асанқызы балаларды оңалту орталығына қажет ғимаратты табу үшін біраз уақыт жұмсапты. Көңілінен шығатынын тауып, келісуге келгенде алдынан иесі емес, риелтор шыққан. Егер жалға алатын болсаңыз, 500 мың теңге төлейсіз деген талабы бар келісімшарт ұсыныпты. Жазира жеңілдік жасап, комиссия құнын түсіруді өтінген. Алайда риелтор көнбеді дейді.
ЖАЗИРА АСАНҚЫЗЫ, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Риелтор тек осы жерді көрсетті болды. Ары қарай шаруаны біз помещение иесімен өзімен ары қарай істедік құжаттарды. Видите бұл 500 мың теңге емес қой, получается миллион теңге. Бізден 500, арендодательден 500 мың алды. Әрине, егер біз жалдамасақ, өз ақшасына тұрмайтын жұмыс деп санаймыз.
Жылжымайтын мүлікті сатып алуға қатысты комиссияны қос тараптан сығып алу – алып қалалардағы риелторлар үшін қалыпты құбылыс. Мұны саладағы бірнеше компанияда жұмыс істеген Айым Бекетаева жақсы біледі. Алайда жұмыс тек пәтер не нысанды көрсетумен ғана шектелмейді дейді. Келісімшарт толық жасасып біткенге дейін сүйемелдеу жүргізіледі. Алынатын мүліктің құжаттары толық тексеріліп, қандай да бір шектеулердің бар-жоғы зерттеледі.
АЙЫМ БЕКЕТАЕВА, РИЕЛТОР:
Келісімшартқа сатушымен тұрамыз. Ол пәтерді аламын деп келген сатып алушы да бізге комиссия төлейді. Қазіргі таңда Астана бойынша осылай жұмыс жасаймыз. Бағасына байланысты. Қазіргі таңда 50 млн-нан көп болса, 1 пайыз біз аламыз. – Одан аз болса? – Одан аз болса, 500 мың теңге.
Дәл осы жайт көпшіліктің наразылығына тап болып отыр. Риелтор қызметіне жүгінбесек те, не үшін ақы төлеуіміз керек деген пікірталас желіде өршіп тұр. Осы мазмұндағы арыздар депутаттарға да жиі келеді екен. Ақыры сауда және интеграция министрлігімен бірлесе отырып, заң жобасын қарастыруға кіріскен.
ОЛЖАС ҚҰСПЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Тұрғын үйдің егесі бар, солардың өздерімен тікелей хабарласып, сол үйді көруі керек. Бірақ қазіргі жағдайда риелторлар барлығын жаулап алған. Ешқандай тікелей хабарласатын мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұл жерде міндетті түрде заңнамалық реттеуге кірісу керек.
Риелторлар қызметіндегі мәселе тек алатын ақысында емес. Кәсіби біліктілігінде. Кейде риелтор кейпіне енген алаяқтар сан соқтыруы мүмкін. Салалық қауымдастықтағылар атымызға кір келтіретін де осылар деп отыр.
ЛАРИСА СТЕПАНЕНКО, ҚАЗАҚСТАН РИЕЛТОРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Нарықтағы бәсекеге жалған риелторлар да араласуда. Бұл салаға кіру өте жеңіл. Айдаладан келгендер бағаның демпингіне әсер етеді. Ең бастысы, риелторлық қызметті кәсіби көрсете алмайды.
Көлеңкелі экономикада да риелторлардың үлесі баршылық. Қызмет көрсетілді, ақы алынды, бірақ салық төленбеді. Қаралып жатқан заң осы олқылықты да жояды деген үміт басым.
МАРЛЕН СМАИЛОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:
Заң қабылданатын болса, нарықтың 70 пайыздан астам үлесі көлеңкеден шығарылады. Риелторлар көбінесе нақты табысын жасыруға әуес болатын. Салық төлеушілер қатары өседі. Одан бөлек алдағы уақытта бірыңғай цифрлық платформаны іске қосып, барлық мәмлелер тіркелетін портал әзірленуі тиіс.
Жобаны талқылауға қатысып жүрген риелторлар қауымдастығының бірқатар ұсынысы бар. Ол ең алдымен, қызметке кірісуге ниеті барларды қысқа мерзімді болса да дайындықтан өткізіп, қолына тиісті сертификат ұсыну. Сондай-ақ риелторлар ісін реттейтін бөлек заң болуы тиіс.
ЛАРИСА СТЕПАНЕНКО, ҚАЗАҚСТАН РИЕЛТОРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Риелторлар ісін реттейтін өз алдына бөлек заң болуы керек. Кей министрліктер қолданыстағы бірнеше заңға өзгерістер енгізу жеткілікті деп отыр. Бірақ туындайтын даулы жағдайларды қарапайым жолмен шешуге мүмкіндік беретін бөлек құжаттың болғаны барлық тарапқа тиімді болады деп санаймыз. Қазір жүріп жатқан талқылауларда осы позицияны ұстанып келеміз.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, соңғы бір ай ішінде тұрғын үй нарығындағы сауда 10 пайызға төмендеген. Қаралып жатқан заң жобасында риелторларға комиссияны тек бір тараптан алу ғана міндеттелгелі жатыр. Бұл салада жүргендердің табысына қалай әсер ететінін өздерінен сұрап едік. Енгізілгелі жатқан өзгерістерді құптайды екен. Бүгінде орташа есеппен бір риелтор айына 3-4 мәміле жасауға көмектеседі. Жаңа талап олардың қатарын өсіруге мүмкіндік береді дейді.
АЙЫМ БЕКЕТАЕВА, РИЕЛТОР:
Сатып алушылар бізден қорқады. Бізге хабарласқысы келмейді. Және де бізге төлегілері келмейді. Не себепті? Біз екі жақтан да аламыз ғой. Бірақ менің ойымша, егер заңнама қабылданса, бізге хабарламалар көбейе түседі. Және мәміле де көбейеді деп ойлаймын.
ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Пәтерді көрсету, құжаттарды тексеру, мәмілені сүйемелдеу – риелтордың атқаратын жұмысы. Бірақ қызмет құны, комиссияны төлеу тәртібі мен маманның жауапкершілігі тұтынушы үшін әлі де түсініксіз. Осы олқылықтың орнын заңмен толтыру көзделіп отыр. Жаңа талаптар делдалдық қызметті тәртіпке келтіріп, кәсіби мамандар мен кездейсоқ жүргендердің ара-жігін ажыратуға мүмкіндік беруі тиіс. Ең бастысы, жылжымайтын мүлік нарығында қызметтің бағасы да, сапасы да тұтынушыға түсінікті болғаны жөн.