Асқар Мамин жаңадан жасақталатын Үкіметті қайта басқаруы мүмкін. Оның кандидатурасын қолдайтыны туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» фракциясының Мәжілістегі жиынында айтты. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің пікірінше, осынау қиын-қыстау кезде ауыс-түйістерге құмар болмай, керісінше, бастаған істі одан әрі жалғастыру керек. «Бұл ретте Премьер-Министрдің рөлі ерекше. Оның үстіне бұрынғы Үкімет ел ырыздығы үшін аянбай тер төгіп, жақсы нәтижелер көрсетті», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Айта кетейін, ертең VII шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары қызметіне кіріскен кезде Үкімет автоматты түрде отставкаға кетеді. Министрлер кабинетінің құрамы Төменгі палата депутаттарының келісуімен қайта жасақталады.