Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Балғын аспаздардан тіл үйіретін дәм

Алматылық бүлдіршіндер пайдалы ас әзірлеуді балабақшадан үйренуде. Оны өздері ғана үйреніп қоймай, тәжірибелерімен бөлісуде. «Ерте жастан кәсіпке баулу» семинарына тіпті Алматы облысының да мамандарын шақырыпты.

НАРКЕЗ СӘРСЕНОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ, ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен осы ерте жастан кәсіпке баулу жүзеге асырылып жатыр. Осы жобаның аясында іс-тәжірибе бөлісуге балабақшаға келдік. Келген себебіміз — әр педагогтың іс-тәжірибе алмасуы, көруі, сол тәжірибелерді өз балабақшамызға барып, ары қарай жалғастыруы.

Алатау ауданында орналасқан №164 балабақша Президент тапсырмасына сай жарақталған мектепке дейінгі ұйымдардың бірі. Мұнда бүлдіршіндерді ерте жастан аспаздыққа баулу жұмыстары жүргізіледі. Колледж мамандары келіп, балаларға түрлі ас әзірлеуді үйретуде. Ерте жастан дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастыру — ұлт болашағының кепілі, дейді мамандар. Сонымен қатар балалар өздері әзірлеген тағамдарды саудалау арқылы қаржылық сауаттарын да көтеруде. Одан бөлек, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп өсуі үшін аналарымен бірге текемет, тұскиіз тоқиды. Мұның барлығы баланың болашақта мамандық таңдауына сеп болады, дейді тәрбиешілер.

ЖАНАР ТҰРАЛИНА, ҚАЛАЛЫҚ МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ӘДІСКЕРІ:

Семинардың негізгі мақсаты — балаларды ерте жастан еңбекке баулу, еңбекті құрметтеу. Біз ойлаймыз, олар өздерінің мамандықтарын ерте таңдауды бастайды. Содан кейін ұлттық тағамдарды әзірлегенде, олар ұлттық құндылықтарды құрметтеуді бастайды.

← Все новости