Перейти к содержимому
· 13 просмотров

Өңірлерде мереке қалай тойланды?

Мамыражай мамырдың алғашқы мерекесі ерекше тойланып жатыр. Бір ғана Астананың өзінде 60-қа жуық іс-шара өтті. Әсіресе Қазақстан халқы ассамблеясының алаңында думан қыза түсіп, фестиваль ұйымдастырылды. Ән мен күй әуелеп, би қалықтаған бұл шарада әр ұлттың өкілдері салт-дәстүрін дәріптеп, қолөнерін дүйім жұртқа ұсынды.

СӘУЛЕ ҚАБАШЕВА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Мақсат – халықтар достығын, ынтымақтастығын нығайту, жастарға өнеге-үлгі көрсету, қазақтың қаймағы бұзылмаған қасиетін басқа ұлт өкілдерінің де жүрегіне жол тауып жеткізе білу.

Шырайлы Шымкентте де мереке сән-салтанатымен есте қалды. Этномәдени бірлестіктер тігілген киіз үйлерде қонақ күтіп, ұлттық дәмін ұсынды. Ұмыт бола бастаған тағам түрлері қайта жаңғырып, олардың тағылымдық мәні көпшілікке кеңінен таныстырылды.

НАҒИМА ПӘТТЕШҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамның бірі – үлпершек тағамы. Бұл үлпершек тағамы қыз баланың сыбағасы. Анасы қызын алыс жаққа тұрмысқа бергеннен кейін сағынып жүргенін айтып, осы үлпершек тағамын дайындайды.

Ал Павлодардағы думан тіпті айрықша сипат алып, ерекше рухпен өрілді. Мерекенің шырайын аша түскен сәт – түрлі ұлттың балалары Абайдың «Қара сөздерін» оқып, рухани үндестіктің жарқын үлгісін көрсетуі болды. Әрі қарай іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, өнер майталмандары ел тұрғындарына есте қаларлық кеш сыйлады.

← Все новости