Перейти к содержимому
· 8 просмотров

«Жанры жоқ жазбалар» атты кітап таныстырылды

Қазақ руханияты тағы бір құнды дүниемен толықты. Алматыда «Жанры жоқ жазбалар» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Авторы — «Шалқар» радиосының редакторы Жанар Оразымбет. Прозалық, эсселік туынды майталман радиожурналистің әлеуметтік желілерде жазған ой-түйіндерінің жиынтығы. Яғни кітапта ойдан құрастырылған сюжеттер жоқ, тісқаққан маманның өмірде көрген-білгендері топтастырылған. Автор күнделікті тіршіліктегі ұсақ көріністерді, тосын диалогтарды, адам мінезін, қоғам мен уақыттың бет-бейнесін юмор, мысқыл, ирония арқылы өріп, философиялық, психологиялық ой түйіндейді. Оқырманды күлдіре отырып толғандырып, өмір шындығын боямасыз жеткізген.

ЖАНАР ОРАЗЫМБЕТ, ЖУРНАЛИСТ:

Мен өзі аспан таулары аясындағы Нарынқол өңірінің қызымын. Біз жақтың адамдарының тілінің тотияйыны бар, тілінің тікені бар деп айтады. Ақырын-ақырын жаза бердім, жаза бердім, есіме түскендерді, бала күнімізде көрген қызықтарды топтастырып. Одан кейін журналистік орта шетінен әзілқой, шетінен жатыпатар ғой, соларды жаза бердім. Ақыр аяғы осындай кітап болып шықты.

← Все новости