Елімізде мақта-мата өндірісі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қазірдің өзінде мақта өңдейтін екі зауыт жұмыс істеп тұр. Ал алдағы уақытта синтетика, тоқыма және киім тігу өндірістері қатар дамиды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Xinjiang Lihua компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесуінде талқыланды. Чжан Цихай Қасым-Жомарт Тоқаевқа мақта егістігін 52 гектарға дейін ұлғайтуға болатынын айтты. Егін шаруашылығында цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару сияқты заманауи инновациялар енгізіледі. Жобаға шамамен 360 млн доллар инвестиция тартылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Кездесу соңында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіпке қосқан үлесі үшін мәртебелі мейманды II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.