Қызылордалықтардың көңілі бүгін күпті. Аймақты төрт жыл басқарып, біраз бедел жинаған Нұрлыбек Нәлібаев қызметінен кетті. Бірақ төмендемеді, өсті. Сыр өңірінен Арқаның төсіне ат басын бұрған ол енді Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарады. Мәжіліс оның кандидатурасын қолдап, бір ауыздан келісім бергесін, Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойды. Биыл күзде ердің жасы 50-ге келетін Нұрлыбек Мәшбекұлы еңбек жолын 1997 жылы бастаған. Ал мемлекеттік қызметке 2005 жылы келіпті, бірден Қызылорда қаласы әкімінің орынбасарлығына. Содан бергі мансабы өзі туып-өскен өңірмен тікелей байланысты. 8 жыл қаланы басқарды, сосын Үкімет басшысы кеңсесі өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 2022 жылдың 7 сәуірінен бастап бүгінге дейін Қызылорда облысының әкімі болды.