Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Ғазиз Байтасов атындағы награда пайда болмақ

Бүгінгі жас толқын кімге қарап бой түзейді? Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиында Президент бұл сұрақтың жауабын кесіп айтты. Үлгі болатын азаматтарды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Ол – ар мен намысты ту еткен, сертіне берік, антына адал полицейлер, құтқарушылар мен әскерилер. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, қазір қолдан жасалған батырларды емес, нағыз қаһармандарды құрмет тұтатын үйлесімді қоғам құру қажет. Осы орайда ол өзгенің өмірін сақтаймын деп ажал құшқан жамбылдық қаһарман Ғазиз Байтасовты мысалға келтірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің бастамаммен олардың есімдері көшелер мен түрлі мекемелерге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведомстволық наградаға қатысты да пайдалануға болады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – он бес жыл бұрын жанынан безген терроршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов атындағы медаль. Біздің мақсатымыз – батырларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастарымыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу.

Еліміз дипломатияға сенім артқанымен, бейқамдыққа орын жоқ. Сондықтан Президент Қарулы күштердің қуатын еселеуді тапсырды. Алдағы екі жыл армия үшін үлкен өзгерістер кезеңі болмақ. Мақсат – ел қорғанысын толық реформалап, заман талабына сай жаңғырту.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі реформалау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет.

← Все новости