Түркістан облысы, Кентау қаласында көпқабатты үйлердің аулалары аукцион арқылы сатылып кеткен. Тіпті балалар ойнайтын футбол алаңшасының да иелері пайда болып, жаңадан ғимарат салмақшы екен. Онсыз да үйлерінің жанындағы жапсарлас нысандардан зәрезап болған тұрғындар жыл сайын тынысымыз тарылып барады деп ашулы. Осы мәселенің нүктесін қойып беруді талап етіп, әкімдікке барған қарашамен Ғалымжан Кенжебек тілдесіп қайтты.
Монақаладағы мына көпқабатты үйдің ауласының астаң-кестеңі шығып жатыр. Бұған дейін тал-терегі жайқалып тұрған алақандай учаскені күні кеше кәсіпкер келіп, сән салонын саламын деп, опырып тастапты. Тұрғындар бас көтеріп қарсы шыққан соң, әзірге жұмыстар тоқтап тұр екен. Талдарды қопарып алып, топырақтың астына көміпті. Ал ашулы тұрғындар ұлтарақтай жерімізді ешкімге бермейміз деп отыр.
ГҮЛЖАН СЕРІК, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қалада осындай проблема көп екен. Тұрғындар шағымдарын айтып жатыр. Бірақ мына жерде қоғамдық тыңдау, біріншіден, өткен жоқ. Заң жүзінде негізі қоғамдық тыңдау өтуі керек. Бір тал, бір бұтақ кессе де. Екіншіден, мынау көпқабатты тұрғын үй болғандықтан, салынатын болса, көлеңке жауып қалады. Сол үшін бізде қоғамдық тыңдау өтіп, тұрғындардың рұқсатын алу керек. Ондай ештеңе болған жоқ.
Тұрғындар кеншілер қаласындағы ойын алаңдарының бөлшектен сатылып кеткені қаншама деп отыр. Сондықтан балалар ойнайтын жерді сала алмай отырмыз деп ашынады. Ол аздай, үйлерінің жанынан жапсарлас бой көтерген сырахана мен көңіл көтеретін орындардан да мезі болыпты. Іргедегі коммерциялық нысандар үйіміздің коммуналдық жүйесіне жалғанып алады, қиындығын біз тартамыз дейді жұрт. Тіпті кезінде миллиондарға салынған футбол алаңшасы да азын-аулақ ақшаға сатылып кетіпті.
АЛТЫНАЙ БАЙҚҰЛОВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Стадионды 2003 жылы осы жерге салған. Ашылу салтанатын жасап, 12 миллионға деп салған. Екі кісі келіп, біз мына жердің қожайынымыз, сатып алдық деді. Сонда 12 миллионға салынған жерді қазір міне, біреуі 210 мың теңгеге сатып алған, екіншісі 0 теңгеге сатылған.
Сондай-ақ жерлерін даулап жүрген халық ойын алаңына да жарымай отыр. Балалары шаңын шығарып, ауладағы ескі алаңда ойнап жүргендеріне біршама уақыт болыпты. Тіпті жоғары жаққа хат жазған.
ГҮЛНАР ҚАРҚАБАТОВА, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз Астанаға жаздық, облысқа да жаздық. Астанадан облысқа жіберген, облыстағылардың жауабы, бізге берген жауабы «сіздерде площадка бар» дейді. Міне, мынау біздің площадкамыз.
Әбден ашынғандар сатылып кеткен жерлері мен ойын алаңын сұрауға әкімдікке барды. Ал шенділер болса, басқа ғимаратқа апарып, жағдайды түсіндіргісі келді. Бірақ екі жақтың әңгімесі жараспады. Дегенмен жауаптылар кезінде учаскелердің сатылып кеткенін мойындады. Бірақ ол кезде бәрі заңды болыпты. Ал соңғы 5 жылда сатылмағанының себебін жер телімдерін түгендеп жатырмыз деп түсіндірді.
БОЛЫСБЕК ШӘРІПБЕК, КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Нысаналы мақсатында пайдаланбай жатқан жерлерді анықтап жатырмыз. Қазір 80-ге жуық жер анықталды. Біз олардың бәрін өзіміздің құзырет шеңберінде жер инспекциясына, облыстық департаментке ұсынып жатырмыз. Ары қарай ол кісілер өзінің тәртібіне сәйкес, заңдарына сәйкес ол бойынша тексеретін болады.
Сондай-ақ жыл соңына дейін 500 миллион теңгеге 33 аула абаттандырылады дейді. Ал аула ішіндегі жер енді аукцион арқылы сатылмайды дегендеріне қараша сене қоймады. Сондықтан құзырлы органдар бақылауға алса деп отыр.