Перейти к содержимому
· 17 просмотров

Үкімет биыл отставкаға кетеді

Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі заңмен бекемделмек. Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Президент туралы» конституциялық заң жобасы талқыланды. Құжатта билік институттарының аражігі нақтыланып, бірқатар демократиялық шектеулер көрініс тапқан. Мәселен, Президент 7 жылға бір мерзімге ғана сайланады, партияға кірмейді, жақын туыстарына да шектеу бар. Сонымен қатар заң жобасында Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен, Қазақстан Халық Кеңесімен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимылының жаңа конституциялық тетіктері бекітіледі, деді Әділет министрі. Ерлан Сәрсембаев вице-президент институтын енгізу тетіктеріне де тоқталды.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен тағайындау тәртібі, кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары, өкілеттіктерін тоқтатудың негіздері, сондай-ақ мемлекеттік биліктің жоғары органдары қызметінің тұрақтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі функциялары көзделеді. Бұдан бөлек, заң жобасында Президент актілеріне қатысты мәселелер реттеледі, оның ішінде Конституцияда көзделген жағдайларда заң күші бар жарлықтар шығару мүмкіндігі қарастырылады.

Сондай-ақ Парламенттің орнын басатын Құрылтай мен оның депутаттары туралы заң жобасы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Құрылтайда 145 депутат болады әрі олар 5 жылға сайланады. Бір палаталы жүйе заң шығару үдерісін жеңілдетіп, мемлекеттік маңызы бар шешімдерді жедел қабылдауға жол ашпақ. Бұдан бөлек, басқосуда Үкіметтің жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтататыны және кез келген уақытта өз еркімен отставкаға кету құқығы нақтыланды. Егер заң шығарушы орган Министрлер кабинетіне сенімсіздік білдірсе, олар Мемлекет басшысына отставкаға кету туралы өтініш береді. Ал Президент оны он күн ішінде қарап, Үкіметті тарату немесе міндетін жалғастыру туралы түпкілікті шешім қабылдайды.

← Все новости