Перейти к содержимому
· 14 просмотров

Депутаттарға дауласуға болмайды

Құрметті көрермен, дәл осы тікелей эфирді пайдаланып, мені өмірге әкелген ардақты анамды туған күнімен құттықтасам — қате болады. Дәл сол сияқты депутаттарға да Мәжіліс отырысында ешкімді туған күнімен құттықтауға болмайды. Құрылтай мүшелеріне қойылатын этика талаптары қатаңдайын деп жатыр. Одан бөлек, қызылкеңірдек болып айтысуға, дауласып, жанжалдасуға да шектеу қойылмақ. Егер талап сақталмаса, халық қалаулысын отырыстарға қатыстырмай қоюы мүмкін.

Құрылтайдың қайыс креслосын армандап жүрген депутаттардың дегбірі қашты бүгін. Өйткені бірлескен отырыста талқыға түсетін тақырыптың салмағы ауыр. Алдымен Президенттің өкілеттілігі сөз болды. Жаңа заңға сәйкес Мемлекет басшысы партияға мүше болмайды, оның туыстары жоғары қызметке алынбайды, жеті жылдан артық билік басында қалмайды.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Алғаш рет жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері бекітіледі. Олардың қатарында Кеңестің құрамын бекіту және ұйымдастырушылық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері көзделген.

Сондай-ақ вице-президенттің қызметі мен құзыреті айқындалды. Оны Құрылтайдың келісімімен Мемлекет басшысы өзі тағайындайды. Жаңа лауазым иесі тумысынан Қазақстан азаматы, 40 жастан асқан, соңғы 15 жыл елде тұрған болуы тиіс. Биліктің сабақтастығын сақтап, мемлекеттің мызғымас тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Вице-президенттің негізгі функциясы – Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік ету. Вице-президенттің қызметін Мемлекет басшысының әкімшілігі қамтамасыз ететін болады.

Халық билігінің бастауы болған Құрылтайдың құқықтық негіздері нақтыланды. 145 депутат партиялық тізіммен 5 жылға сайланады. Бұқараға болысатын заң шығарып, мемлекеттік шешімдерге тікелей әсер ететін өкілетке ие. Этика да қатаңдайды. Бұрынғыдай анасын құттықтап, баланың тірлігін жасайтындарға орын жоқ.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Депутаттарға жеке бастарына қатысты тақырыптарды көтеруге заңмен тыйым салынады. Этиканы сақтамаған жағдайда бір немесе үш отырыс бойы сөз сөйлеу құқығынан айыру сияқты шаралар бар. Құрылтай алғаш қабылдайтын құжаттардың бірі – депутаттардың қызметін толық реттейтін егжей-тегжейлі регламент болуы мүмкін. Яғни депутаттық қызметке қатысты этикалық және тәртіптік талаптар күшейеді.

Сайлау жүйесінде де сіз бен біз білмейтін жаңашылдық көп. Мәселен, енді бір адам қатарынан қос қызметке үміткер бола алмайды. Ал әкім болу үшін сайлаушылардың қолын жинап әбігерге түсесіз. Сондай-ақ сайлау комиссиялары қатаң бақылауға алынып, жемқорлық немесе ауыр қылмыс жасағандар құрамына кіре алмайды.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Әкім лауазымына кандидаттардың жинаған дауыстары тең болған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір айдың ішінде қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ кандидаттарды ұсыну процесі ретке келтірілді.

Саяси жүйедегі салмақты өзгерістерді жан-жақты баяндасақ осылай. Билік басындағылардың қызметіне қатысты заң жобасы бірінші шілдеде күшіне енеді. Екі айдан соң тарайтын депутаттар кесімін айтса, Президент соңғы шешімді шығарады. Ал Құрылтай жұмысын бастағанда Үкімет отставкаға кетеді.

← Все новости