Көрермен ықыласына бөленген «Ерекше» фильмінің прокатынан түскен қаржының есебі жарияланды. Кинокартинадан 165 млн теңге жиналған. Әуел баста уәде етілгендей, фильмнен түскен барлық қаражат қайырымдылыққа аударылды. Соңғы айларда көп талқыланған әлеуметтік туынды махаббат пен өмірге құштарлықты ғана емес, ерекше жандардың спорттағы мүмкіндігін де көрсетті. Айта кетейік, фильмнің түсірілуіне Қазақстанның бочча федерациясы бастамашы болған.
НАЗЫМ ЖАНҒАЗЫ, ҚАЗАҚСТАН БОЧЧА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең негізгі мақсат осы фильмді түсірген кезде ақша жинау, бизнес жасау емес. Әрине, ең бірінші инклюзияны дамыту, қоғамда барлық азаматтар тек жай ғана комедияға ғана емес, комедияның ішінде әлеуметтік түйіні болса екен. Соны біздің жастар, балалар түсінсе екен деп түсірген болатынбыз.
Фильм авторларының сөзінше, кинотуындыны Моңғолия, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейде көрсету бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
НҰРГҮЛ ҮЛЖЕКОВА, ҚАЗАҚСТАН БОЧЧА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Қазір біз бұл спорт түрін кеңінен насихаттап жатырмыз. Мұндай фильмдер ерекше баласы бар ата-аналарға үміт береді. Денсаулығына қарамастан, балалардың спортта жетістікке жете алатынын көрсетеді.