Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Елімізде ең ерекше «Музей түні» өтеді

Бүгін уақыт керуенін кері бұрып, көне дәуірлердің сырына қаныққысы келетін жандар үшін таптырмас мүмкіндік. Халықаралық музей күніне орай, еліміздің мәдениет ошақтары есігін айқара ашып, дәстүрлі «Музей түні» акциясы өтеді. Бүгінде Қазақстан бойынша 286 мұражай ұлтымыздың ұлы шежіресін көздің қарашығындай сақтап отыр. Ондағы жәдігерлердің жалпы саны 4,5 миллионнан асады. Бұл асыл қазынаға деген халықтың ықыласы да жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде 6,5 миллионнан астам отандасымыз бен шетелдік қонақтар музей залдарын аралап, рухани сусындаған. Осынау айтулы мерекемен музей қызметкерлерін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Ол өз сөзінде тарихты тірілтіп, ұлттық кодты сақтау жолында күндіз-түні қалтқысыз қызмет етіп жүрген мәдениет майталмандарының ерен еңбегіне алғыс білдірді.

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ АИДА БАЛАЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАСЫНАН:

Музей – өткенді бүгінмен жалғайтын, тарих тағылымы өскелең ұрпақтың танымына жол ашатын киелі кеңістік. Бүгінде Қазақстанның музей саласы – ауқымды әрі қарқынды дамып келе жатқан жүйе. Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғыртуға, мәдени мұраны сақтауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Сондықтан қазіргі музей – мұраны сақтайтын орын ғана емес, тәрбие, ағарту және ұлттық болмысты нығайту ісінің маңызды арқауы. Барша музей қызметкерлеріне кәсібіне адалдығы, ұлттық мұраға деген жанашырлығы және қоғамның рухани өркендеуіне қосып келе жатқан зор үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін.

← Все новости