Мыңдаған тонна қызанақ шіріп, су боп ағып кеткелі тұр. Түркістан облысындағы шаруалар шу шығарды. Екі мыңға жуық қожалықтағылар өніміміз өз нарығымызға керек болмай қалды деп азар да безер. Себебі, көкөніс енді піскен кезде жауаптылар сөрелерді қытай мен түрікменнің арзан импортына толтырып қойыпты.
Сарыағаш ауданында биыл 2 мыңға жуық шаруа қожалығы қызанақ еккен. Олардың 400 гектар жылыжайында көкөніс пісіп тұр. Диқандар жыл бойы төккен теріміз ақталып, кеткен қаржыны енді қайтарып аламыз ба дегенде базарларда шетелдің қызанағы қаптап кетіпті. Бірақ оның сапасына қарап жатқан ешкім жоқ екен. Шетелдікі арзан, ал біздікі сапалы болғанымен қымбатқа түсіп тұр дейді.
БАУЫРЖАН ӘБІЛҚАСЫМОВ, ЖЫЛЫЖАЙ ИЕСІ:
1 гектар жылыжайды жүргізу үшін көшет сатып аламыз, 1 данасы 150 теңге. Одан кейін 500 тонна көмір жағамыз, оның құны 27-29 мың теңге, 1 тоннасы. Одан кейін рабочая сила, жұмысшылардың жұмыс ақысы 1 рабочийге 250-300 мың теңге, 1 гектарға 30-40 рабочий жалдаймыз. Оның дәрі-дәрмегі бар, жылыту светі бар, коммерциялық бағамен 80 мың теңге төлейміз. Бұның өзіндік құны 450-460 теңгеге, 1 килосы түсіп жатыр Қазақстандағы өнім.
Қазір жылыжайлардың жанында тонналап тұрған қызанақтар бірнеше күннен кейін шіріп кетеді деп ашулы диқандар. Көбісі нәпақа табу үшін несие алып, қызанақ еккенімен, енді белшеден шығынға батамыз ба деп үрейлі. Несиені жабудың өзі арман болып қалатын секілді.
НҰРСҰЛТАН ҚУАНЫШБАЕВ, ДИҚАН:
15 тонна қазір менің қызанағым тұр да, өткізе алмай тұрмыз да, отборный ағашта бұл. Менен басқа қазір мыңдаған диқан бар, Сарыағашта дәл осы жағдайда отырған қазір. 4-5 күнде бұның бәрі ағып кетеді. Қазір дәл осылай сата алмай тұрсақ, 5 күнде ағып бастайды уже, шіриді уже. Банкрот болам мен. Сауда болмай, жан-жақтан кіріп жатыр. Шығыным 25 миллионға жақындап қалды.
Диқандардың айтуынша, Қытай және Түрікменнен кіріп жатқан өнімдерді ешкім тексермейді екен. Тіпті, шекарада зертхана да жоқ көрінеді. Ал биыл саудамен көмектесеміз деген Сауда комитеті жауап беруді де қойыпты.
ДАНИЯР ҚАЛТАЕВ, ҚР ФЕРМЕРЛІК ЖЫЛЫЖАЙШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Одан кейін фитосанитариядан комитет төрағасы бар, ол кісімен де сөйлестік. Мынау фитосанитарияны сәл шекараға қарамасаңыздар, өйткені сырттан ауру помидорлар және тағы басқа көкөністер келіп жатыр дедік. Ол жөнінде бізде фактілеріміз де бар, видеоға түсірген ауруларды және оның қандай посттан өткеніне дейін документтер бар. Бірақ ол тап-таза деп лабораториядан шығарып берді. Біз ол кезде де жанайқайымызды ол жаққа жеткізгенбіз. Бірақ біздің шенеуніктер ол жағынан жұмыс істеп жатқан жоқ десем де болады.
Ал үкіметтегілердің бұл мәселеге қатысты өзіндік пікірлері бар. Олардың сөзінше, шет жақтан келген қызанақ небәрі 7 пайызды құрайды екен. Және бағасы тұтынушыларға тиімді дейді.
ТОЙГҮЛ ЖҰБАНИСОВА, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қандай қарсы міндеттемелерді айтып отырмыз? Егер фермерлер ассоциациясы тарапынан елімізді осы қызанақпен өзіміз қамтамасыз етеміз, бағасы тұрақты болады, бір жылдың ішінде нақты осы бағаны көрсететін болса және ол баға біздің нарыққа ұтымды, халық үшін қолжетімді баға болатын болса, онда Сауда министрлігі бұл ұсынысты қарастыруға дайын.
Міндеттемелерді орындауға дәл қазір уақыты жоқ диқандар басымен қайғы болып жүр. Егер дәл осылай жалғаса берсе, онда келер жылы біраз шаруа жылыжайларын тастап, баз кешіп кетеді деп отыр. Сол кезде шетелдік өнімдерді қалағанша кіргізуге болады дейді.