Перейти к содержимому
· 13 просмотров

Бірінші түркология құрылтайына — 100 жыл!

Биыл алғашқы түркология құрылтайының өткеніне 100 жыл. Осыған орай Алматыда «I-ші Баку түркология құрылтайының мұрасы және XXI ғасырдағы түркі әлемі» атты халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Басқосуға жиналған ғалымдар алғашқы құрылтайда көтерілген мәселелер әлі күнге өзекті екенін айтады.

ШАҺИН МҰСТАФАЕВ, ТҮРКІ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл съездің ең маңызды және тағдырлы шешімі түркі халықтарының араб графикасынан латын әліпбиіне көшуі болды. Бұл съезде түркі тілдерінің бірыңғай терминологиясы, тарихы, мәдениетіне қатысты мәселелер талқыланған. Өкінішке орай, бұл құрылтайға қатысқандардың дені 30-жылдардың соңында қуғын-сүргінге ұшырады.

Шара аясында Бірінші түркология құрылтайының тарихы мен мұрасынан сыр шертетін архивтік фотосуреттер мен материалдардан тұратын көрме ұйымдастырылды. Ондағы еңбектер қатарында алты түркі тілінде жарық көрген «1926 жылғы Баку түркология құрылтайының альбомы» бар. Бұл басылымда тарихи жиынға қатысқан 131 делегат туралы мәліметтер қамтылған. Сонымен қатар деректі фильм көрсетілді. Екі күн бойы Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген ғалымдар XXI ғасырдағы түркологияның дамуы, ортақ терминология мен әліпби мәселелерін талқылайды.

КЕНЖЕХАН МАТЫЖАНОВ, МҰХТАР ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Түркология мәселесі, пантүркизм мәселесі кеңестік дәуірде әбден қуғын-сүргінге, қудалауға түскен сала. Өйткені Кеңес үкіметі алғашқыда бостандық, теңдік деп келгенмен, кейіннен түркі әлемінің ыдырауына қатты әсер етті. Соның бастысы — түркі әлемінің белгілі тұлғаларының бәрінің көзін жою. Олардың мұрасын жоққа шығару болды.

Ұлан Тәліпбай

← Все новости