Перейти к содержимому
· 3 просмотра

АЭС-ке қатысты құжаттарға қол қойылды

Еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысы 2027 жылы басталады. Қазақстан мен Ресей тарапы оның құрылысын жүргізу, қаржыландырудың негізгі принциптері мен серіктестік шарттарын келісіп, маңызды құжатқа қол қойды. Көрші мемлекет басшысы Владимир Путиннің елімізге екінші рет жасаған мемлекеттік сапары аясында қос елдің ынтымақтастығының жаңа бағыттары да талқыланды.

Бұл тарихта сирек кездесетін сәт. Владимир Путин мемлекеттік сапармен елімізге екінші рет табан тіреп отыр. Негізі мұндай деңгейдегі кездесулер дипломатиялық қатаң хаттама бойынша бір президенттік мерзімде бір-ақ рет болады. Бірақ бұл жолы Астана ерекше шешім қабылдап, Ресей басшысына тағы да мемлекеттік сапар мәртебесін беріп отыр. Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынастың өте жоғары екенін тағы бір мәрте көрсетсе керек.

Елорда көшелерін қақ жарып, салтанатты кортеж зулап өтті. Қос елдің жалауы Арқаның ерке самалымен жарыса желбіреп тұрды. Бұл жай ғана ресми шеру емес, елімізге табан тіреген мәртебелі мейманға көрсетілген ерекше құрметтің белгісі. Астананың аспанында да Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтары Ресей Федерациясының байрағын бейнеледі.

Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты сәтте мемлекет басшылары бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, қос елдің әнұраны шырқалды. Салтанатты рәсімнен кейін лидерлер келіссөз үстеліне беттеді. Шағын құрамдағы кездесуде мемлекет басшысы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме жасалатынын жеткізді. Соның бірі АЭС-ке қатысты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда атом электр стансасының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас.

Арамыздан қыл өтпеген алпауыт елмен достығымыз тек мәдениет пен менталитет төңірегінде ғана емес, миллиардтық жобалар аясында да көрініс тауып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы сауда айналымының шамамен 20 пайызы Ресей үлесіне тиесілі. Алдағы уақытта екі ел үкіметі бұл көрсеткішті 30 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни операциялық кезеңге өтті.

Ресейдің де біздің елге деген пейілі риясыз. Кеше «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген көрші ел басшысы Қазақстанды ерекше құрметтейтінін айтқан еді. Владимир Путин дәл осы тату көршілікке құрылған серіктестікті еселей түсуге мүдделі екенін жеткізді.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Дәл осы келіссөз үстелінде бүгінгі басқосудың басты құжаты – Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы мен тату көршілігінің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжатты әзірлеуге өзі тікелей қатысқан. Мемлекет басшысы бұл тарихи қадам екіжақты қарым-қатынас шежіресіне алтын әріппен жазылатынын атап өтті.

Құрлықтағы көлік байланысы көбіне қос мемлекетке тәуелді. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып, былтыр 92 миллион тоннаға жетіпті. Енді тараптар осы салада ерекше жобаны, яғни «Астана – Мәскеу» бағытында жүргізушісіз жүк көлігі логистикасын іске қоспақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Ол үшін озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгіземіз. Мемлекеттеріміз арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу – осы істің жарқын мысалы.

БАҚ өкілдеріне арналған брифингте өзге де біраз дүние айтылды. Бұл ретте Мемлекет басшысы білім саласындағы бірлескен жобаларға арнайы тоқталды. Соның бірі – екі елдің зияткерлік қуатын арттыруға арналған ауқымды бастама – «Сириус» орталығының жобасы.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Жалпы, «Сириустың» бағдарламалары ғарыш туралы, жасанды интеллект туралы, ғылым және жаратылыстану бағытындағы тереңдетіліп оқытылған бағдарламалардан тұрады. Біз өзіміздің жұмыс тобымыз құрылған сарапшылардың негізінде қазақстандық ұлттық білім стандарттарына сәйкестігін, сонымен бірге жаңа Конституциядағы құндылықтар мен нормалар негізінде осы бағдарламалармен оқытуды жүзеге асырамыз.

Келіссөздер аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Владимир Путин жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Бұдан бөлек, үкіметаралық және ведомствоаралық 12 құжат алмасылып, қос меморандумға да мөр басылды.

← Все новости