Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Астанадағы айтулы апта

Астана үшін бұл апта айтулы болды десек жаңылыспаймыз. Бес елдің басын біріктірген Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы саяси іс-шаралар өтті. Үш күнге созылған алқалы жиында айтылған мәселе көп. Әсіресе қарыштап дамыған цифрлық инновацияның игілігі жайлы сөз болды. Мемлекет басшысы кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, сауда-саттық саласын серпілтуге импульс беретін цифрлық әлеуетті нығайтуға шақырды. Жаңа технологиялар дәуірінде одаққа мүше елдер арасында «цифрлық алшақтықтан» ада болайық деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы апта тарихи оқиғаға куә болдық. Олай дейтініміз, Владимир Путин мемлекеттік сапармен елімізге соңғы бір жарым жылда екінші рет табан тіреді. Негізі, мұндай деңгейдегі кездесулер дипломатиялық қатаң хаттама бойынша бір президенттік мерзімде бір-ақ рет болады. Алайда бұл жолы елорда ерекше шешім қабылдап, Ресей басшысына тағы да айрықша мәртебе берді. Бұл – екі ел арасындағы қарым-қатынастың өте жоғары екенін тағы бір көрсетті.

Шағын құрамдағы кездесуде мемлекет басшысы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме жасалатынын жеткізді. Соның бірі АЭС-ке қатысты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас.

Арамыздан қыл өтпеген алпауыт елмен достығымыз тек мәдениет пен менталитет төңірегінде ғана емес, миллиардтық жобалар аясында көрініс тауып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы сауда айналымының шамамен 20 пайызы Ресей үлесіне тиесілі. Алдағы уақытта екі ел үкіметі бұл көрсеткішті 30 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни операциялық кезеңге өтті.

Ресейдің де біздің елге деген пейілі риясыз. Кеше «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген көрші ел басшысы Қазақстанды ерекше құрметтейтінін айтып, дәл осы тату көршілікке құрылған серіктестікті еселей түсуге мүдделі екенін жеткізді.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады.

Құрлықтағы көлік байланысы көбіне қос мемлекетке тәуелді. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып, былтыр 92 миллион тоннаға жетіпті. Енді тараптар осы салада ерекше жобаны, яғни «Астана – Мәскеу» бағытында жүргізушісіз жүк көлігі логистикасын іске қоспақ.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Ол үшін озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгіземіз. Мемлекеттеріміз арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу – осы істің жарқын мысалы.

Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы бірлескен жобаларға арнайы тоқталды. Соның бірі – екі елдің зияткерлік қуатын арттыруға арналған ауқымды бастама – «Сириус» орталығының сызбасы.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Жалпы, «Сириустың» бағдарламалары ғарыш туралы, жасанды интеллект туралы ғылым және жаратылыстану бағытындағы тереңдетіліп оқытылған бағдарламалардан тұрады. Біз өзіміздің жұмыс тобы құрылған эксперттердің негізінде қазақстандық ұлттық білім стандарттарына сәйкестігін, сонымен бірге жаңа Конституциядағы құндылықтар мен нормалар негізінде, сол бағдарламалармен оқытуды жүзеге асырамыз.

ОДАҚ ЕЛДЕРІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТКЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

Алқалы бас қосудан соң, екі ел президенті бесінші Еуразиялық экономикалық форумға қатысты. Ал маңызды шараға қос басшыдан бөлек, тағы екі елдің лидері келді. Мәртебелі меймандардың арасында Қырғыз президенті Садыр Жапаров пен Беларусь басшысы Александр Лукашенко да бар. Пікірталас алаңында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ жай ғана интеграциялық бірлестік еместігін, оның жаһан экономикасының маңызды субъектісі екенін атап көрсетті. Бұл сөзімізге дәлел: одақтың көкжиегі кеңейіп келеді. Енді Кариб бассейнінде де серіктес бар.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жаңа ғана қол қойған келісім – бұл Куба үкіметімен Еуразия экономикалық комиссиясы тарапынан қол қойылған іс-шаралар жоспары. Куба 2020 жылдан бастап осы одаққа бақылаушы ретінде кіргізілген. Сол бойынша алдағы іс-шаралар жоспары қабылданған болатын. Былтыр жұмысын аяқтады. Алдағы 2030 жылға дейін одақ елдерімен жұмыс жоспары пысықталған.

Сондай-ақ президент геосаяси дүрбелеңдер кезеңінде өтіп жатқан форумның маңыздылығына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазір серіктестердің алдында Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық міндет тұр. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы жасанды интеллектінің де маңызына айрықша тоқталды. Мәселен, халықаралық сарапшылардың есебінше, алдағы онжылдықта нейрожүйені қолдану әсерінен жаһандық ішкі өнімнің өсімі 7 трлн долларға жақындауы мүмкін.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сонымен қатар, жаңа технологиялар Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері арасындағы «цифрлық алшақтыққа» себеп болмауы керек. Керісінше, ол елдеріміздің экономикаларын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуға тиіс. Бүгін біз 2025 жылдың желтоқсанындағы менің ұсынысыма сәйкес, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдаймыз.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз серіктес достарымызбен бірлесіп атқарған жұмыстың мән-маңызын толық түсінеміз. Бұл келіссөздердің артында толағай табыс пен оң нәтижелер тұр.

САДЫР ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еуразиялық одаққа мүше елдердің әлеуеті зор. Біздің мемлекеттерді біріктіретін ортақ құндылықтар жеткілікті. Сондай-ақ ғылыми дәстүрлеріміз де сәйкес келеді. Барлығымыз жұмылып, цифрлық заманның күн тәртібінің толыққанды мүшесі атануға мүмкіндік бар.

АЛЕКСАНДР ЛУКАШЕНКО, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Еуразиялық одақ мүшелері арасындағы цифрлық байланыстың іргетасы әлдеқашан қаланып қойған. Сондай-ақ ұлттық бастамалардан бірыңғай Еуразиялық цифрлық экожүйеге ауысу бойынша құқықтық-технологиялық құралдар да қалыптасып үлгерді. Жаңа ғана Қазақстан президенті бұл жұмыстардың тек басы ғана екенін мәлімдеді. Енді осы бағытта алға жылжу қажет.

Ал форумның артынша одаққа мүше бес елдің басшылары Еуразиялық экономикалық кеңес жиынына қатысты. Бұл шара тарихи датамен тұспа-тұс келді. Өйткені кеше Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына 12 жыл толды. Соңғы 10 жылда серіктес мемлекеттерге алыс-беріс айтарлықтай артып, 10 млрд долларлық межені бағындырған. Алқалы басқосуда тараптар кедендік рәсімдерді одан әрі жеңілдетіп, сауда-саттық саласын дамытуға уағдаласты. Айта кету керек, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі жиыны биыл желтоқсан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтеді.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Форум, ынтымақтастық деп айтып қалдық қой. Осы тұста бір нақты мысал келтіруге болады. Одаққа мүше елдердің арасындағы ЖІӨ көлемі соңғы уақытта 3 трлн доллардан асып жығылыпты. Бұл бірден-бір оң динамика көрсетіп жатқан мәселе деп айтуға болады. Сондай-ақ осы одаққа мүше елдердің арасындағы өзара сауда-саттық, өндіріс, ауыл шаруашылығы мәселелері де қарқынды дамып жатқанын байқауға болады. Алдағы уақытта бұл бесінші форумнан да бірқатар шешімдер шығарылып, одаққа мүше елдер нақты серіктестіктің кілтін табады деген болжам бар.

← Все новости