Иә, біреу бостандықты аңсап жүр, ал кейбірі айыппұлын төлей алмай алаң. Ал біреулер үшін құшақ-құшақ гүл, қымбат кортеж һәм жеке мобилограф жалдау арман. Әңгіме аста-төк әрекетке барған түлектер жайында. Мектеппен қоштасқан биылғы ұл-қыздардың тәбеті сұмдық. Өзін айнала түсіретін видеографты шақырып, картина әдемі шықсын деп 101 раушанды алдырып, жолда фильмдегідей тізіле жүретін қымбат темір тұлпарларды жалдап, бұқараның бетін шымшытты. Құдды оқушы статусынан енді қоштасқандардың арасында көзге көрінбейтін жарыс өтіп жатқандай. Әрине, кәмелетке толмаған балалардың максимализмі бәсекені бәйге етуді қалайтыны анық. Бірақ бұған тыйым салатын ата-ана қайда?
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Биыл елімізде 4 миллионға жуық оқушы оқу жылын сәтті аяқтады, оның ішінде 215 мың түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Лента таққан жастардың абыр-сабыр күні – соңғы қоңырау.
Алайда биылғы мереке жылдағыдан өзгеше. Желіні шулатқан қымбат сән-салтанат пен гүлдерге таласқан түлектердің қылығы қоғамда қызу талқыға түсіп, тіпті жастар арасындағы «рухани тоқырау» деген сынға дейін жетті. Бұл – тек мектеппен қоштасу ма, әлде кезекті маркетингтік науқан ба? Осы «әдемі ертегінің» астарында не жатыр?
Иә, биылғы соңғы қоңырау жылдағыдан ерекше. Көргенімізден көреріміз көп болды. Желіні жарған жас түлектердің іс-әрекетін бұқараның кейбірі құптады, кейбірінің қылықтарын даттады. Не керек, зумерлер тыныш жатпады. Тіпті кейбірі сыйлыққа алған гүлдерін сатуға да тағат таппады. 101 розадан басталған гүл жарысында 1001 раушан алғандары желіде мақтанды. Ал ақтаулық оқушылар кортеж ұйымдастырып, полиция бөлімшесіне аттанды. Тредсте осылай соңғы қоңырау деген тренд қаптады. Аталған жайтқа байланысты сұрақ қойып едік, оқушылар «өмірімізде бір болатын сәт» деп өздерін ақтады. Тақырыптан алыстамай сұрақ та қойдық: биылғы түлектер соңғы қоңырау салтанатына қанша қаржы жұмсапты?
Кей түлектер 30 мыңнан 60 мың теңгеге дейін шығынданғанын айтты.
Соңғы қоңырау қарсаңында оқушылардың мерекеге жұмсайтын орташа шығыны жан басына шаққанда кемінде 30 мың теңгені құрайды. Бұл ретте кейбір түлектер дәстүрлі форматтан бас тартып, қаржыны қайырымдылыққа бағыттауды таңдауда. Олардың арасында әлеуметтік көмек көрсететін немесе мерекелік атрибуттардан саналы түрде бас тартатын жастар бар. Мәселен, Әмина есімді түлек гүлсіз өткен жиын туралы желіде пікір білдірді. Ол артық шығын мен дабыраны қаламағанын, ата-анасын шараға шақырмауды жөн көргенін жазды.
ӘМИНА ТҰРДАҚЫН, ТҮЛЕК:
Мен соңғы қоңырауда гүл алмағаныма мүлдем сынған жоқпын, көңілім сынған жоқ. Себебі мен ата-анамның жұмыстан сұранып осы үшін келгенін қаламадым. Оларға алдын ала ескерттім, келмей-ақ қойыңыз деген сияқты. Сыныптастарым гүл алып жатқан кезде менде ондай ешқандай сезім болған жоқ. Менің ойымша, ата-ананың махаббаты басқа құндылықтармен өлшенуі қажет.
Әмина өз қатарластарын желідегі ауыр сын-пікірлерден қорғап, мәселенің түп-төркінін қоғамдағы терең дерттен іздеді. Оның айтуынша, той десе шашыла кететін қазақы мінезді маркетологтар шебер пайдаланып кеткен. Кәсіпкерлер «101 раушан гүлі – мәртебе, ал әдемі сторис – абырой» деген жасанды стандартты оқушылардың санасына сіңіріп, нәтижесінде жасөспірімдер ата-анасын қысылтаяң сұраныспен тығырыққа тіреуде. Ата-аналар да бұл үрдісті растап отыр. Бүгінгі жас буын желі жұлдыздары мен блогерлердің өміріне еліктеп, шама-шарқына қарамастан, бай-бағланша көрінуге ұмтылады. Соның кесірінен олар өздерінде жоқ дүниені қарызданып болса да қолдан жасап көрсетуге тырысатын жағдайға жетті.
ЖАҢАГҮЛ БАЙСЫМАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қазіргі желіде TikTok, Instagram-ды балалар көп қарайды ғой. Сол көп қарау барысында блогерлер әдемі өмірді көрсетіп жатады. Сол себептен жас баланың әлі психикасы жетілмеген ғой, олар ойлайды: «Өмірдің бәрі сондай екен» деп. Ар жағында ондай керемет өмірлер болып жатпайды. Содан қалғылары келмейді, олар да сүйтіп өздерінің әдемі болып жүргенін, жаңағы 101 раушан гүлін алғысы келіп, соны түсіргісі келеді. Сол себептен де әсер етеді.
Бұл мәселенің қаупін балалардың болашағы үшін алаңдап жүрген қоғам белсендісі де растайды. Оның пайымдауынша, желідегі жалған бейнелерге еліктеген жасөспірімдер «әдемі сторис» үшін кез келген қадамға баруға дайын. Тез ақша табуға деген ұмтылыс оларды тығырыққа тіреп, қылмыстық әрекеттерге итермелеуі мүмкін.
ЗИУАР ЖҰМАНОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Блогерлер өздерінің шынайы өмірін көрсетпейді. Ар жағында басқа нәрсе болуы мүмкін. Бірақ шынайы өміріндегі қиындығын, қарызға батқанын көрсетпей, тек әдемі өмірін көрсетеді. Әдемі өміріне біздің жастар алданып жатыр. Болашаққа жетелеудің орнына, жастардың көзін байлап, жамандыққа итермелеп жатыр. Мысалы, кейбір балалар мошенничествоға, не болмаса закладкаға, ұрлыққа баруы мүмкін. Сондайға алып барады ондай дүние. Сол жақтарын үкімет қолға алса деймін.
Балалардың болашағына алаңдаған белсенділер дабыл қағуда. Желідегі «әдемі ертегіге» сенген жас буын жалған құндылықтарға алданып жатыр. Жаһандық деңгейде бұған қарсы күрес басталып та кетті. Аспан асты елінің билігі «қытайлық Ким Кардашьян» атанған Ван Хунцюаньсин бастаған блогерлерді жаппай бұғаттады. Оларға «ысырапшылдықты насихаттады» және «байлықпен мақтанып, қоғамда теріс құндылық қалыптастырды» деген айып тағылды. Билік мұндай дарақылықты жастардың санасын бұзатын рухани азғындық деп санайды. Ал бізде ше? «Бай-бағлан» болып көрінуге ұмтылған жасөспірімдер қарызға белшеден батып, тіпті «әдемі сторис» үшін заңсыз әрекеттерге де баруда. Бұл – тек блогерлердің емес, әр ата-ана мен тұтас қоғамның алдында тұрған үлкен сын.
ЖАНЕРКЕ ЕЛШІН, БЛОГЕР:
Осыдан бірнеше жыл бұрын успешный успех, керемет лакшери өмірді көрсету кішкене сәнге айналғандай болды. Өйткені адамдарды не қызықтырады? Әдемі өмір қызықтырады. Негатив онсыз да көп. Айналасындағы негативтен, өсек-аяннан шаршайды. Сондықтан әдемі картинаға қарайды да, кинодағы кадрлар жүріп жатқан сияқты, қазақтардың арасында да осындай бар ма, осылай да өмір сүруге бола ма деген қызығушылық пайда болады. Көбі оны солай көрсетіп жүріп тауарларын сатады, басқа да қызметтерін ұсынады. Ол өтірік дүние емес, кейбір адамдар шынайы дүниені көрсетеді. Алайда соңғы 1-2 жылда ондай өмірді көрсетуден барлығы қашуда деп ойлаймын.
Блогерлер ақталғанымен, виртуалды әлемдегі қолдан жасалған «абырой» түбінде өмірлік қателікке жетелейді. Қытайдағы гауһар тасқа оранған блогерлердің немесе біздегі гүлге таласқан түлектердің мысалы біреу: дарақылық – даму емес, рухани тоқыраудың белгісі. Ендігі міндет – құндылықты стористегі лайкпен емес, білім мен адамгершілікпен өлшейтін ұрпақ қалыптастыру. Жылтырағанның бәрі алтын емес екенін жастардың санасына сіңіру – ортақ парыз.