Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Сайқымазақтар балаларды қуантты!

Бүгін елорда көшелері ертегі әлеміне айналды. Балаларды қорғау күнінде бас қалада ІІІ Халықаралық клоундар шеруі өтті. Кішкентайлардың көңілін көтеріп, күлкіге қарық қылу үшін тіпті шетелден ондаған сайқымазақ арнайы келіпті.

РАМАЗАН ПАЛМАҒАНБЕТ, ТІЛШІ:

Халықаралық балаларды қорғау күнін елорданың кішкентай тұрғындары ерекше атап өтуде. Бүгін бас қалада отандық және шетелдік клоундардың қатысуымен үлкен фестиваль өтіп жатыр. Өнерпаздар балақайларға әдемі, естен кетпес шеру ұйымдастырды.

Осымен үшінші рет өткізіліп жатқан фестивальге жиналғандардың қарасы қалың. Сән-салтанаты жарасқан шеруді балақайлар қызықтап, сайқымазақтардың өнеріне тәнті болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген кішкентайлар бұл думанға дән риза.

Клоундар маған ұнап жатыр. Өте қызықты, көңілді. Бізді күлдіртіп жатыр. Астана да керемет. Біз осы Астанаға Орал қаласынан келдік.

Клоундар өте көңілді. Олардың барлығы әдемі және көңілді. Мен бірінші рет келгенде қорықтым. Қазір қорықпаймын.

Мерекеде цирк өнерпаздарымен асыр салып ойнап, мәре-сәре болған бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Жарқын сәттерге куә болған қала тұрғындары ақжарма тілектерін жаудырды.

ДӘРИЯ АДАМАСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Аспанымыз ашық болсын. Аспанымыз ашық болса, балаларымыз бақытты болады. Біз осылай мейрамдарда қыдырып жүреміз. Немерелерімізге өте ұнап жатыр. Клоундарға қарап. Жаздың бірінші күні, соған да қуанып жатырмыз.

Балаларға нағыз ертегі әлемін сыйлау үшін ұйымдастырушылар барын салыпты. Фестивальдің көркіне айналған халықаралық деңгейдегі әртістерді іріктеу жұмыстары да мұқият жүргізілген.

МҰРАТ МҰТЫРҒАНОВ, ЦИРК ӘРТІСІ:

Мұндағы әрбір өнерпаз өз ісінің мамандары. Біз арнайы кастинг өткізіп, тек ең мықтыларын іріктеп алдық. Балаларға ерекше әсер қалдыру үшін әртүрлі сайқымазақтарды шақырдық. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды.

Елордалық бүлдіршіндерді күлкіге қарық қылу үшін әлемнің ең үздік комедия шеберлері бас қалаға ат басын бұрған.

ХУГО МИР, ИСПАНИЯДАН КЕЛГЕН ӨНЕРПАЗ:

Бүгін біздің кішкентай көрермендеріміз үшін мен жүректен шыққан ерекше қойылымды ұсынамын!

ФИЛИПО БРУНЕТТИ, ИТАЛИЯДАН КЕЛГЕН ӨНЕРПАЗ:

Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын және өте бақыттымын. Мұнда бәрі тамаша. Керемет! Мен комедиялық шоу алып келдім. Бүгін жонглерлік өнер, клоунада және көптеген көңілді нөмірлер, сахналық көріністер мен әзілдер болады.

Айтулы датада ешкім қалыс қалмады. Балалар ауруханасында ем алып жатқан кішкентайларға ертегі кейіпкерлері ерекше көңіл-күй сыйлады.

ЛОЛА САНДЫБАЕВА, №1 КӨПБЕЙІНДІ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ПЕДИАТРИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бүгінгі 1 маусым – Балаларды қорғау күні мейрамы құтты болсын! Әр баланың дені сау, бақытты күндері көп болсын. Жүздерінен күлкі сөнбесін. Біздің ең басты мақсатымыз – балалардың дені сау болуы және бақытты күндерінің көп болуына үлес қосу.

Осылайша, елордада жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген шуақты мереке балалардың шаттыққа толы күлкісімен тойланды. Өнерпаздар сыйлаған бұл ерекше көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын сәттер кішкентай тұрғындардың есінде ұзақ сақталары анық.

← Все новости