Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Өндірістегі қайғылы жағдайлар қашан азаяды?

Елімізде жарты миллионға жуық адам нағыз қауіптің ортасында жүр. 500 мыңдай отандасымыз әр күні қатері мол, апаты көп жұмыста істеуде. Олардың кейбірі күнінің жартысын жер астындағы қазба жұмыстарымен өткізсе, енді бірі от пен радиациясы басым өндірісте тер төгеді. Кейде, өкінішке қарай, бала-шағасын бағамын деп жүріп жаны қиылып, мүгедек болып қалып жатады. Осы жерде жұмысшылардың қауіпсіздігіне жауаптылар қайда қарап жүр және мұндай жағдайда олардың міндетіне не кіреді деген заңды сұрақ туындайды. Үкімет мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылдады?

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Үкіметтің бүгінгі отырысына атынан ат үркетін өндіріс ошақтарының басшылары келді. Себебі күн тәртібіндегі мәселе аса салмақты. Соңғы уақытта жұмыс алаңында қайғылы оқиғалар жиілеп, талай жанның өмірін жалмаған апаттар қоғамды алаңдатуда. Мәселен, мамырда Өскемендегі Қазмырыш зауытында жойқын жарылыс болып, 3 бірдей азамат ажал құшқан еді. Жиында осы оқиға ерекше назарға алынды. Төтенше жағдайлар министрі тергеу амалдары әлі де жүргізіліп жатқанын айтты. Апатқа қатысты алғашқы болжамды да жариялады.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:

Алдын ала болжам бойынша «Востокцветмет» шахтасында орын алған аварияға тау-кен қазбасындағы талаптың бұзылып, жұмыс өндірісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы себеп болған. Ал «Қазмырыш» зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан орын алды деген болжам бар.

Жиында «Қазмырыш» басшысы Жанат Жанботин кәсіпорындағы қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта кешенді шаралар жүргізіліп жатыр және жыл сайын жоспарлы түрде миллиардтаған қаржы бөлінеді.

ЖАНАТ ЖАНБОТИН, «КАЗЦИНК» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Соңғы 5 жылда Казцинк компаниялары тобындағы өндірістік жарақат деңгейі алдыңғы 5 жылға қарағанда 34 пайызға төмендеді. Өлімге әкелген жарақат 7 есеге азайды. 2023 жылдан бастап өндірісте өлім жағдайлары болған жоқ. Орташа алғанда қауіпсіздік іс-шараларына 27 млрд теңге инвестиция салынады.

Алайда кәсіпорын директорының есебі мен уәдесі Үкімет басшысының көңілінен шықпады. Премьер-министр нақты әрекет пен түбегейлі өзгерісті талап етті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Баяндаманы жақсы оқыдыңыз. Бірақ мамыр айында болған жағдай айтқандарыңызды жоққа шығарады. Сондықтан қосымша әрі нақты шаралар қабылдау қажет.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Еліміздің өндіріс орындарында адам өлімі 2,5 есеге, ал жарақат алу көрсеткіші 25 пайызға азайды деген ресми дерек бар. Дегенмен биылғы бес айдың өзінде-ақ бақылаудағы нысандарда 43 төтенше жағдай мен 13 ірі апат тіркелуі жағдайдың әлі де күрделі екенін аңғартады. Әсіресе тау-кен-металлургия кешенінде, құрылыс саласында және мұнай-газ кәсіпорындарында оқыс жағдайлар жиі болады. Ең сорақысы — өндіріс ошақтарындағы нағыз келеңсіздіктер мен зардап шеккен жұмысшылардың жарақаттарын басшылықтың қысымымен немесе басқа да себептермен жауып тастау, яғни жасыру фактілері тыйылмай тұр.

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Аймақтар арасында жасырылған жарақаттанудың ең көбі Атырау облысында – 10 жағдай тіркелді, Астана қаласында – 7 жағдай, Ақмола облысында – 6 жағдай орын алған.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл жолы алпауыт кәсіпорындардың басшыларын аяп қалмасын анық аңғартты. Ол өз сөзінде бұдан былай әр жұмысшының өмірі мен қауіпсіздігі үшін директорлар тікелей басымен жауап беретінін жеткізді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Енді жұмыс берушілер кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауы қажет. Еңбек министрлігі өндірістік жарақат алу көрсеткіші бойынша барлық ірі кәсіпорындардың басшылары үшін KPI енгізуі қажет. Оның орындалмай қалуы басшылықтың жалақысына және жалпы жұмыста қалуына тікелей әсер етуге тиіс.

← Все новости