Перейти к содержимому
· 5 просмотров

Оңтүстікте қауындар неге шіріп жатыр?

Түркістан облысының шаруалары шырылдап жүр. Қауын егіп, ақшаға қарық боламыз дегендер керісінше шығынға шаш етектен батып, шырғалаңға түскен. Жемістері шіріп, жеуге жарамсыз күйде жатыр. Пайдасы көл-көсір болуға тиіс кәсібінің кесірінен қарызға батқан бағбандар іштегі ызасын қалай басып, банктегі қарызын қай қаражатымен қайтарарын білмей дал.

Жетісайлық диқандардың қазіргі жай-күйі осындай. Жыларман жағдайда жүргендер 10-15 күнде қауындарын жинап алуы керек еді. Алайда соңғы уақытта тоқтаусыз жауған жаңбыр алқаптағы өнімдерін шірітіп жіберіпті. Ал артынша бір сағаттың ішінде төпелеген нөсерден біраз диқан қауынсыз қалыпты. Ашынған шаруалар оны жасанды жаңбырдан көріп отыр.

БАҚТИЯР ТҮЛБАСОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Міне, тамыры шіріп жатыр. Бұл қайтып қауын болмайды. Жасанды жаңбырдан болып жатыр. Мысалы, жылда бір рет жаңбыр жауса, бұл қайтып көгеретін еді. Қазір көгермейді. Мысалы, былтырлары 70 пайыз көрсетеді. Ол жаууы мүмкін еді, жаумауы да мүмкін еді. Ал биыл 10 пайыз көрсетеді, ол 90 пайыз жаңбыр жауып жатыр. Ол уақытында жаумады. Мысалы, апрельде жауу керек еді. Әлі жауып келе жатыр да жаңбыр.

Өңірде диқаншылық ерте басталады. Қыста дән тасталып, арнайы жылыжайда ұсталып, жазға дейін балалары секілді баптайды. Күн жылыған кезде егіс алқабына әкеліп жайғастырып, дәрісін сеуіп, тамшылатып суарып, күндіз-түні алқаптың басында жүреді екен. Бұл жұмысқа несие алып қаржы құйып, өнімін сатып, ақтап аламыз деген кезде мұндай жағдайға тап болған.

СЕРІК ТҰЯҚБАЙ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жерге отырғызып, қаншама еңбек, қаншама термен мынау диқаншылығымыз болды-ау дегенде көгеріп, шабатын жеріміз кеп қалды дегенде көріп тұрсыздар диқаншылықты. Биыл тақырға отырдық. Қазіргі таңда селитраның ақшасы, кленканың ақшасын ақтағанның өзі жеңіске жеткен болып тұр биыл. Биыл «ойбай, мен молшылықпен боламын» деген диқандардың саны аз.

ҒАЛЫМЖАН КЕНЖЕБЕК, ТІЛШІ:

Биыл қауынмен қатар, жоңышқаның да жағдайы мәз емес, дейді диқандар. Себебі орылғаннан кейін 3-4 күн кепіп жатуы тиіс болған өсімдік жаңбырдың кесірінен ылғал тартып тұрады екен. Салдарынан престелмей жатып шіріп кеткен.

Бұрын-соңды дәл осындай жаңбырды көрмедік деген диқандар мемлекеттен көмек ауадай қажет деп отыр. Әйтпеген жағдайда Жетісай және Мақтаарал аудандарының шаруалары құрдымға кетеді деп қорқады. Қарыз алып егін еккендер шығынды шығара алмай отыр. Оның үстіне дәрі-дәрмегі мен жұмыс қолы қымбатқа шығыпты. Ал шіріп жатқан қауындарын тексерушілер келіп, зерттеуге алып кетіпті.

НҰРАХМЕТ МҰСА, ДИҚАН:

Ғылыми институттардың адамын алып келіпті. Олар сол жаңбырдан деп отыр, ғылыми институт адамдары. Біз жасанды жаңбырдан деп өзіміз күдіктеніп отырмыз. Олар «білмейміз, болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін» деп нақты ештеңе айтқан жоқ.

Ал жауаптылар нөсердің жасанды жаңбырдың қатысы жоқ деп отыр. Қазгидрометтің мамандары табиғи құбылысты циклонмен байланыстырып отыр.

← Все новости