Кәрі құрлықтың басты додасының жалпы кезеңінде жасындай жарқылдап, скауттардың түсіне кірген Темірлан Анарбеков үздіктер қатарында. «Қайрат» қақпашысы маусым қорытындысы бойынша символикалық құрамнан ойып тұрып орын алды. Тіпті, отандасымыз Чемпиондар лигасының үздік қақпашысы атанған екен. Ал көрсеткіші бойынша «Реалдың» голкипері Тибо Куртуа мен «Арсеналдың» лидері Давид Райядан да асып түсті. Спортшы ел чемпиондарының сапында жалпы кезеңнің барлық кездесуіне қатысып, мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болыпты. Ал гректің «Олимпиакосымен» өткен матчтың басты қаһарманы атанып, тарихқа енді. УЕФА жасақтаған тізімде Темірланның есімі Мбаппе, Кейн, Ямаль сынды футбол жұлдыздарымен қатар аталды.
Қайыркен Отыншиев