Шетелдіктер мал ұстамай ет өсіріп жатса, біздің аграрлық саланың мамандары шегірткеге қарсы препарат ойлап тауыпты. Түркістандық ғалымдар диқандардың дегбірін қашырған зиянкестерді ауыздықтаудың амалын тауыпты. Марокко шегірткесіне қарсы биологиялық дәрі-дәрмек далалық сынақтан сәтті өткізілді. Әдеттегі химикаттарға балама биопрепарат қарапайым саңырауқұлақтан әзірленген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, алғашқы сынақтар Қазығұрт ауданының жайылымдық алқаптарында жүргізілді.
ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ХАБАРЛАМАСЫНАН:
Тиімділікті бағалау үшін өңделген шегірткелер арнайы далалық торларға 20 дарақтан орналастырылды. Сонымен қатар өңдеуден кейін бір тәулік өткен соң бақылау топтары құрылды. Бақылау кезеңі бойы мамандар зиянкестердің қырылу көрсеткіштерін күн сайын тіркеп отырды. Жәндіктердің зақымдануының алғашқы белгілері өңдеуден кейінгі үшінші тәулікте байқалды. Бесінші тәулікте қырылу деңгейі 70-80%-ға жетіп, тоғызыншы тәулікте тәжірибелік топтардағы барлық дарақтың толық қырылғаны тіркелді.