Перейти к содержимому
· 4 просмотра

Әлем кубогынан кімдер үмітті?

Бүгін – төрткүл дүние көз тіккен футболдан әлем біріншілігі жалауын желбіретеді. Тарихта алғаш рет іріктеуден сүрінбей өткен 48 құрама бақ сынайды. Ал доданың маңызды матчтарын Солтүстік Американың 3 бірдей елі қабылдайды. Сонымен, жаһандағы геосаяси ахуалдың ушыққан сәтіне тұспа-тұс келген аладоп аламанында кімдер фаворит? Биылғы сайыс несімен ерекше?

Сонымен, әлемдегі аумалы-төкпелі уақытқа, АҚШ-тың жаһан елдеріне көз алартқанына қарамастан, 23-ші футбол тойы өтетін болды. Қазір турнирге жолдама алған құрамалар лек-легімен Солтүстік Америка құрлығына ағылып жатыр. Бұл доп додасы ең қымбат сайыстардың бірі ретінде тарихта қалды. Футбол мерекесін ұйымдастыруға шамамен 13,5 млрд доллар жұмсалыпты. Десе де, доданы ұйымдастыру бойынша проблемалар әлі де бар. Оны ФИФА басшысы да жасырған жоқ.

ДЖАННИ ИНФАНТИНО, ФИФА ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Әлем біріншілігін өткізу құқығын 3 мемлекет алғанына еш өкінбеймін. Ал өз басым 30 жылдан бері осы тектес футбол сайыстарын ұйымдастырып келемін. Қазір қиындықтар бар. Оны жасырмаймын. Мундиаль сынды ауқымды шараларда мәселенің болғаны қалыпты құбылыс деп санаймын. Біз бірігіп тығырықтан шығу жолдарын қарастырып жатырмыз. Барлығын болмаса да турнир барысында біразын шешуге тырысамыз.

Ал АҚШ-та жарыс төңірегінде дау-дамайлар қызып тұр. Мәселен, Америка билігі ФИФА төреші ретінде бекіткен Сомалидің арбитрін ел аумағына кіргізуден бас тартты. Футбол қазысынан әуежай мамандары 11 сағат бойы жауап алған. Барлық қиындықтарды еңсерген арбитр ақырында еліне қайтарылды. Десе де, африкалық қазыны халықаралық ұйым тегіннен-тегін сайысқа шақырған жоқ. Маманның Африка құрлығының үздік төрешісі деген атағы бар екен. Ал арбитр еліне оралған сәтте, оны отандастары халық қаһарманы ретінде күтіп алды.

ОМАР АРТАН, ФИФА ТӨРЕШІСІ:

Менің тауым шағылды. Әлем біріншілігінде төрелік ету бала күнгі арманым еді. Бірақ билік осындай шешім қабылдапты. Қолдан келетін шара жоқ. Мен бар болғаны футбол қазысымын. Қолымда барлық рұқсат қағаздарым бар. Виза мәселесінде де қиындықтар жоқ.

Сондай-ақ Иран төңірегіндегі дау да әлі ушығып тұр. АҚШ билігі парсылық футболшыларды шақырарын шақырып алып, біраз сенделтіп қойды. Мәселен, Ақ үй Иран жанкүйерлеріне бөлінген билет квотасының күшін жойды. Бұдан бөлек спортшыларға қонақ үй мен жаттығу алаңынан тыс жерлерге шығуға тыйым салынды. Турнир барысында стадионға Иранның туын ұстаған фанаттар да кіргізілмеуі мүмкін. Алайда Трамптың көңілі тоқ.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл дода ФИФА тарихындағы ең үздік сайыстардың бірі. Халықаралық футбол ұйымы бұған дейін ойын билеттерін тез сатып көрмеген. Осы мундиальда билеттер бірнеше айда өтіп кетті. Себебі біздің елде футбол деген термин қолданылмайды. Бұл ойынды барша халық «соккер» деп атайды. Соккерге қызығушылық қандай деңгейде екенін байқаған боларсыздар.

Десе де, футбол тойы бірнеше тарихи оқиғалармен жанкүйерлердің жадында қалайын деп тұр. Мәселен, Солтүстік Америкадағы мундиаль португалиялық Криштиану Роналду мен аргентиналық Лионель Мессидің соңғы халықаралық додасы болмақ. Екеуі де алтыншы жарысына келіп отыр. Тіпті әлем чемпионы, альбиселесте сардары жаһан біріншілігіне жарақаты себепті қатыса алмайды деген де сөз болған еді. Бірақ Аргентина құрамасының бас бапкері шәкіртінің толық дайын екенін растады.

ЛИОНЕЛЬ СКАЛОНИ, АРГЕНТИНА ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Аттасымның денсаулығы жақсы. Ешқандай жарақат мазаламайды. Ал біз атағымызды қорғап қала аламыз ба деген сұраққа әзірге жауап жоқ. Барлығын уақыт көрсетеді. Жеңімпаз болғаннан, ол дәрежені қорғау қиын екенін барлығы жақсы түсінеді. Біріншілікте ешбір ойыншы аянып қалмайтыны анық. Барлық кедергіні еңсеруге дайынбыз.

Бұдан бөлек Солтүстік Америкадағы біріншілік тарихтағы ең қымбат турнир болғалы тұр. Мәселен, топтық кезеңдегі ойындарға кіру құны бірнеше мың долларға дейін барады. Ал финалдық матчтың билеті орта есеппен 8600 доллардан саудаланады. Стадиондарға апаратын транспорттар да ақылы болады. Ойын уақытында өзіңізді үлкен экраннан көргіңіз келсе, қосымша 80 доллар төлейсіз.

Алайда бұл қиындықтарға ала доп жанкүйерлері пысқырып та қарамайтыны анық. Жаһанның түкпір-түкпірінен миллиондаған фанат Америкаға ағылып жатыр. Жалпы мундиальда 104 ойын өтеді. Маңызды кездесулерді құрлықтың 16 қаласы қабылдайды. Ал ФИФА жарыс жеңімпазына берілетін сыйақы мөлшерін бекітті. Әлем чемпиондары 50 млн доллар бонус алады. Күміс жүлдегерлер 33 млн, қола медаль иегерлері 29 млн сыйақы еншілейді. Сарапшылар биыл кубок Еуропаға аттануы мүмкін деп топшылайды. Фавориттер қатарында Франция, Испания мен Португалия бар.

← Все новости