Астаналықтардың аузын аштырып, алматылықтарды таңғалдыруға кетті. Елімізге келген әйгілі Дю Солей циркінің әртістері Алатау баурайындағы алып шаһарға аттанды. Жаһандағы ең танымал шоуды көруге жақын шетелден мыңдаған турист арнайы келіпті.
Бұл шоуды көруді күллі әлем жұрты армандайды. Бірақ бірі талабын орындай алмайды, басқасы жағдайын жасай алмайды, сөйтіп арманы арман күйінде қалады. Ал қазақстандық көрермен бақытты, ұйымдастырушылар 1,5 жыл әупірімдеп жүріп, елімізге әртістерді арнайылап шақыртты.
СВЕТЛАНА ДЕЛУС, CIRQUE DU SOLEIL ӘРТІСІ:
Қазақстанның қалалары өте әдемі екен. Өз демалысымда қаланы аралап, тауға бардым. Қатты ұнады. Адамдары да сондай керемет.
Бұл әлемге әйгілі Дю Солей циркінің әртістері. Айтып айтпай не керек, қойылымы ерек, декорациясы бөлек. Реквизиттің өзін 2 жүк ұшағымен әрең әкелген.
АНАР ЖАНШИНА, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Техникалық команда Қазақстанға келіп, біздің ареналарымызды көріп, өз рұқсатын берген кезде ғана осы шоуды алып келуге рұқсат берді цирктің командасы.
Әртістер әлемнің 47 елінде ғана өнер көрсетіпті. Енді бұл тізімде Қазақстан да бар.
ВИКТОРИЯ ТОРГУНАКОВА, FREEDOM EVENTS БАС ДИРЕКТОРЫ:
Орталық Азия бойынша Алматы мен Астана цирк әртістерін қарсы алған алғашқы қалалар. Бұл шоуды көру үшін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресейден бірнеше мың турист елімізге арнайы келді.
Дю Солей қазақстандық көрерменге өзінің ең танымал OVO қойылымын дайындапты. Бұл шоу көрерменге таңғаларлық трюктер, ерекше атмосфера мен ұмытылмас әсер сыйлайды, дейді білетіндер. Тіпті кей нөмірлер адамның физикалық мүмкіндігінен тыс сияқты көрінеді.
ДМИТРИЙ ТЁ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Елімізге Дю Солей циркін әкелу ойыма сонау 2017 жылы келді. Әртістердің шығармашылық пен техникалық дайындығын көріп, қатты таңғалғам. Сөйтіп ойлағанымыз 9 жылдан соң жүзеге асып жатыр.
Әртістер бас қалада 25 мың көрермен жинап, алматылықтарды таңғалдыруға дайын. Ерекше шоуды осы аптаның соңына дейін тамашалауға мүмкіндік бар.