Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Геннадий тарихи жетістікке жетті

Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Геннадий Головкин! Енді қазақстандық боксшының есімі әлемдік жұлдыздармен бір қатарда тұрады. Гүрзі жұдырықты Геннадий «Халықаралық бокс даңқы залының» төрінен орын алды. Ол бұл мәртебеге ие болған Орталық Азиядағы алғашқы боксшы атанды. Мінсіз рекордтың иесі. 35 жекпе-жек. 35 жеңіс. Оның 32-сін мерзімінен бұрын аяқтаған. 22 мәрте қарсыласын құлатқан.

Оны таныстырғанда қарсыластардың тізесі дірілдейтін! Қарағандыдан шыққан қабылан орта салмақта тоғыз жыл бойы атой салды. Ол тіл безегендерді сол қолымен сұлатты, сес көрсеткендерді оң қолымен құлатты. Мексикалық мәнерімен жанкүйерлердің махаббатына бөленді.

Бұл төккен тер мен еселі еңбектің жемісі. Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы кезекті әлем чемпиондарының бірі емес. Енді ең ұлы, ең атақты боксшылармен терезесі тең тұрады. 1989 жылы ашылған Халықаралық бокс даңқы залына енуі – оның спортқа сіңірген еңбегі шаршы алаңмен шектелмейтінін айғақтап берсе керек.

ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН, БОКСШЫ, ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА КОМИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сезімімді сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Артқа қарап, атқарылған еңбек пен жеткен жетістіктерді ойлағанда ерекше мақтаныш сезімі пайда болады. Демек, біз көздеген мақсатымызға жеткен сияқтымыз. Мен Қазақстаннан екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Сондықтан сіздерге де айтарым – өздеріңізге сеніңіздер. Күштеріңізге сеніңіздер!

Жұдырығы жуан жерлесіміздің бокс элитасының қатарына қосылуына тіркеген нәтижесі сеп болған. Мәселен, әуесқой бокста 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жеткен. Ал кәсіпқой деңгейде 42 рет айқасып, 37 мәрте қарсыласын сұлатып түсірді.

Екі дүркін әлем чемпионы – бірегей Triple G. Геннадий Головкин!

АҚШ-тың Канастота қаласында өткен салтанатты шара қызыққа толы болды. Геннадийді «өз дәуірінің үздігі» деп бағалаған америкалық аңыз Шугар Рэй Леонардпен көз арбасып, жанкүйерлердің көзіне жас үйірді. Жалпы тарихи оқиғаның куәсі болуға келгендердің қарасы қалың. Барлығы біздің батырдың қолтаңбасын алуға асықты. Алайда бұл Генаның ғана емес, қазақ спортының әлемдік аренадағы қолтаңбасы еді.

ИСАТАЙ МӘДИЕВ, СПОРТ САРАПШЫСЫ:

Сондай бокс әлемінде із қалдырған тұлғалармен Геннадий Головкиннің есімі қатар тұрады, жалпы бокс тарихында енді осы күннен бастап деп айта беруге болады. Бұл ресми түрде бекітілген, мойындалған дүние. Жалпы енді қазақ спортында өзінің бір спортында осындай бір шыңға, бір биікке көтерілген әзірше спортшы жоқ.

Бір кездері жұдырығымен дүниені дірілдеткен чемпион енді сол дәуірдің шежіресіне айналды. Ол – бүгінгі бокстың бет-бейнесі. Оның есімі тасқа қашалып, Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон секілді алыптардың қатарына мәңгілікке орнықты.

← Все новости