Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Үстіндегі тартыс: қазақ шахматшылары Италияда

Қазақ өрендері ақыл-ой аламанында бақ сынап, еліміздің намысын қорғап жатыр. Италияның Монтесильвано қаласында шахматтан жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Апеннин түбегінде шахматтан 14 пен 18 жас аралығындағы жастар арасында әлем чемпионаты жалауын көтерді. Италияның Монтесильвано қаласындағы дүбірлі додаға жаһанның 87 мемлекетінің өкілі қатысып жатыр. Оның ішінде еліміздің 35 өкілі үмітті.

Түркістандық Айару Алтынбек үшін мұндай жарыс таңсық емес. Бұған дейін үш мәрте әлем біріншілігінде топ жарған. 15 жасар дарынды шахматшы бұл жолы да намысты қолдан бермек емес.

АЙАРУ АЛТЫНБЕК, ШАХМАТТАН ҮШ ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Дайындық өте жақсы болды. Өйткені бұл өте маңызды чемпионат әр шахматшы үшін. Шахматтың стандартты түрі бойынша әлем чемпионаты. Жақсы ойнауға тырысамын. Арманым – әйелдер арасында әлем чемпионы болу.

Әлемдік додада ел намысын қорғап жүрген тағы бір талантты жерлесіміз бар. Ол – ел тарихындағы ең жас гроссмейстер Эдгар Мамедов. Маңғыстаулық өрен 5 жасында шахматтың тілін меңгеріпті. Тақтадағы тартысқа әбден төселген оның осындай жарыстан жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Алдыңғы жылы 16 жасқа дейінгілер арасында тұғырдың биігінен көрінді.

ЭДГАР МАМЕДОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢ ЖАС ГРОССМЕЙСТЕРІ, ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Шахмат – өте күрделі ойын. Жетістікке жету үшін үнемі жаттығып, еңбек ету қажет. Мұндай чемпионаттарға қатысу – үлкен тәжірибе. Мұнда бәсеке жоғары, психологиялық дайындық маңызды. Барлық қарсыластар мықты, әрқайсысына мұқият дайындаламын. Жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенемін.

Иә, әлем чемпионатына қатысу кез келген спортшыға бұйыра бермейтін бақ. Ұйымдастырушылар жылдың ең маңызды турниріне тек жоғары нәтиже көрсетіп, өз мықтылығын дәлелдеген шахматшыларды шақырған. Бұл тізімде әсіресе қазақ зияткерлерінің бәсі жоғары екенін төрешілер де айтып отыр.

МАРКО БИАДЖОЛИ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӨРЕШІ:

Қазақстандық шахматшылар Италияда соңғы 3–4 жыл бойы тұрақты түрде қатысып келеді. Біз мұнда көптеген жасөспірімдер турнирлерін өткіземіз және Қазақстан делегациясы көбіне ең үлкендерінің бірі болады. Бұл Қазақстанда балалар шахматының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Шахмат спорт түрі ғана емес. Зияткерлік мәдениеттің, тәрбие мен білімнің бастауы. Осы орайда жастарымыздың халықаралық аренада шыңдалуына Қазақстан шахмат федерациясы жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Бүгін Адриатика жағалауындағы жарыстың екінші күні. Сәлден соң спортшыларымыз кезекті қарсыластарымен сынға түспек. 13 күнге жалғасатын дүбірлі додада кімнің бағы жанып, бәсі жоғары болатыны алдағы күндердің еншісінде.

← Все новости