Аңқау елге – арамза оператор. Шетелде теңіз жағасында шат-шадыман боламын дегендердің демалысы шырғалаңға ұласты. Туристік компания жүздеген жанды алдап соқты. Жыл бойы тірнектеп жинаған ақшасын жұмсап, жеткізе алмағандары кредитке кірген. Енді қаражатын қайтара алмай, жыларман болған ағайын арнамыздан араша сұрады. Күнге қыздырынып, суға шомыламыз деп ниеттенгендер қазір шағымын құшақтап, шыр-пыр болып жүр.
Даудың басы сертификаттан басталыпты. Туристік компанияның өкілдері базарлар мен сауда орындарын аралап, жұртшылыққа ақпараттық парақшалар таратып, өз телефондарын жазуды ұсынған. Біршама уақыттан кейін сүйінші сұрап, шетелге жолдама ұтып алғандарын жеткізген.
ГҮЛЬНАЗ БАБАЗОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Сіз келіңіз де үшеуін алыңыз деді. Үшеуін алдым. Содан кейін MS Travel-ге келдім, көрейін деп, өз көзіммен көріп алайын деп. Сөйттім. Келіп едім, қыздардың барлығы жақсы, сосын маған чектерін бәрін берді. Содан кейін осылай Дубайға барасыздар деді.
Жеңімпаз саяхат пакетіне қонақүйде тұру кірген. Ал әуе билеттерін бөлек төлеуі тиіс. Мұндай схемамен туристік компания 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келген. Кейбір жәбірленушілердің айтуынша, бастапқыда бәрі жақсы болыпты. Мәселен, Сандуғаш осы компания арқылы Дубай мен Анталияда демалған. Сондықтан туркомпания Мысырға жолдама бергенде ешқандай күмәні болмаған. Ақшасын алдын ала толығымен төлеп қойған.
САНДУҒАШ СЫРЛЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Болды деп біз дайындалып, енді ұшамыз деп отырсақ, 22-сі күні звондайды ғой. Ана жақта біз партнерлармен келіспеушілік болды, біз договорды расторгнули, деп сіздерді осы айдың аяғында жібереміз деді.
Алайда, уәде етілген демалысқа ақыры бара алмаған. Кейінірек компания клиенттері әлеуметтік желілер арқылы ұқсас схема арқылы алданғандарды тапқан. Полицияға шағым түсіргендердің қатары 150-ден асып жығылған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының үшінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша үш күдікті ұсталып, уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Соттың санкциясымен бұл күдіктілерге қатысты үйқамақ тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Жәбірленушілер сапарлар үшін 400 мың теңгеден бастап 5 миллион теңгеге дейін төлегенін айтады. Шығынның жалпы сомасы әлі анықталмаған. Алғашқы қылмыстық іс «Алаяқтық» бабы бойынша тергелуде.