Перейти к содержимому
· 8 просмотров

Құны 12 млрд доллардан асатын құжатқа қол қойды

Мемлекет басшысы Бельгияға сапары аясында Еуропалық кеңестің президенті және Комиссия басшысымен кездесті. Екіжақты жүздесуде маңызды мәселелер көтерілді. Мәселен, әуе қатынасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын жетілдіру жағы жан-жақты талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі уақытта экономикамыздың 40 пайызға жуығын шағын және орта бизнес құрайды. Олар негізгі капиталға салынатын инвестицияның шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл жетістіктерге, сайып келгенде, кешенді әрі жүйелі реформалар түрткі болған. Сондай-ақ Президент құны 12 млрд доллардан асатын коммерциялық құжаттар мен меморандумға қол қойды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан экономикасы орнықтылық көрсетіп, жедел дамып келеді. Былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызға жетті. Бұл – Халықаралық валюта қоры болжаған жаһандық өсім қарқынынан екі есе жоғары. Ішкі жалпы өнім көлемі 305 миллиард доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 15 мың долларды құрады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, биыл ұлттық экономика көлемі 360 миллиард долларға жетеді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бизнес өкілдері бас қосқан «Қазақстан – Еуропалық Одақ» жиынына қатысты. Президенттің айтуынша, еліміз Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша алдыңғы орында келеді. Бүгінде 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Осы тұста Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстан инвесторлардың жаңа буынын қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды.

← Все новости