Перейти к содержимому
· 12 просмотров

Қос палаталы Парламенттің соңғы отырысы өтті

Бүгін Астанада қос палаталы Парламенттің бірлескен соңғы отырысы өтті.

Оған Мемлекет басшысы қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жиынның тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, Қазақстанда екі палаталы Парламент дәуірінің аяқталғанын мәлімдеді.

Ал ертеңнен бастап мемлекеттік билік жүйесін түбегейлі өзгертетін жаңа Конституция күшіне енеді.

Президент өз сөзінде сегізінші шақырылымдағы депутаттардың жұмысына оң бағасын берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді.

Отыз жыл ішінде ел дамуына маңызды үлес қосқан үш жарым мыңға жуық заң қабылданған.

Ал кейінгі үш жылда 300-ден астам өте маңызды заңға қол қойылыпты.

Мемлекет басшысы депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсеткенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы тарихи сәтке орай ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын.

Сондай-ақ Президент мемлекеттің басты мақсаттарын атап өтті.

Соның бірі — азаматтардың әл-ауқатын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қыркүйекте жұмысын бастайтын Құрылтайдың құрамына отаншыл, мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек.

Болашақ депутаттар заң шығару қызметінің сапасы мен жеделдігін арттыруы қажет.

Сондай-ақ Құрылтай қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы тиіс.

Жанар Арғынова

← Все новости