Перейти к содержимому
· 2 просмотра

Парламент тарих қойнауына енді

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда — қазан», — деуші едік. Бірақ Парламент 30 жылда қазан болды. Сонымен, еліміздің заң шығарушы органы өз жұмысын аяқтады. Қос палата депутаттары бүгін соңғы рет бас қосты. Енді жаңа Құрылтай құрылады. Алайда халық қалаулыларының көңілі тоқ. Өйткені Президент Парламент мүшелерінің жұмысын жоғары бағалап, алғыс айтты. Сондай-ақ маңызды тақырыптарға тоқталды.

ҚАЙЫРКЕН ОТЫНШЫ, ТІЛШІ:

Бүгін — саяси Қазақстан үшін тарихи күн. Себебі бірлескен қос палата соңғы рет бір залда отырып, өзара пікір алмасады. Ал үш жылдан астам бір лауазымда, бір шақырылымда отырған Мәжіліс депутаттары өздерінің атқарып, атқарып үлгермеген жұмыстарын БАҚ өкілдерімен бірге талқылап, сұхбат беріп жатыр.

Әдетте, жаздың алғашқы күндерінен бастап елдегі саяси өмір тынышталып, енжар күйде қалғи бастайтын. Парламенттің бірлескен отырыс залында сессияның шымылдығы түсірілісімен, мандат иелері алдымен өңірлерге аттанатын. Сосын шабадандарын буып-түйіп, отандық және шетелдік курорттарға қарай аттың басын бұратын. Бірақ бұл жолы жағдай мүлде басқаша. Жаңа саяси реформаға байланысты сегізінші шақырылымдағылар жұмысын ерте аяқтады.

ЖИГУЛИ ДАЙРАБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Өткен сайлауда «Ауыл» партиясы Мәжіліске келдік. Ол бір жеңіс. Халықтың үнін естірттік Парламентте. Ойлаған, жоспарлаған дүниелердің барлығын орындадық деп айта алмаймын. Проблема көп. Мен жалпы депутат болайын, депутат болмайын, Құрылтайға кірейін, кірмейін, мәселе онда емес. Мен халыққа қызмет ететін адаммын.

Бірақ Мәжілістің дәмін енді ғана татып, имене кірген депутаттар осы 3 жыл ішінде біраз нәрсе үйреніп, ысылған. Оны өздері де жасырмайды. Мандат бұйырғандардың бірі — Нартай Сәрсенғалиев біраз заң жобасын дайындауға атсалысыпты.

НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Жалпы, өзім 50 депутаттық сауал жолдаппын. 57 жұмыс тобының мүшесі болдым. 4 заң жобасының мүшесі болдым. 14 заңның авторымын. 10 тақырыптық отырыс өткіздік. Сондықтан үлкен жұмыстар жасалды десек болады.

Десе де Мәжіліс депутаттарының көңілі тоқ. Олар Жаңа Конституцияның авторларының бірі ретінде тарихта қалады.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Парламент халықпен тікелей жұмыс істеуді үйренді. Бірақ Үкіметтің ақпаратпен, ЖИ-мен жұмыс істеуді көбірек үйренуі керек. Біз тиімді шешімдер қабылдау үшін міндетті түрде қоғамның пікіріне сүйенуіміз керек. Қоғам қазір белсенді. Бұрынғы халық жоқ. Бір нәрсе айтсаң, мақұл деп қабылдай салатын. Кез келген саясаткер мен білемдікке салмауы керек. Қоғам егер заңды қабылдамаса, өзгерістерді қабылдамаса, ол бәрібір іске аспайды.

Ал сенаторлардың көңілі алабұртып жүр. Наурызда жоғарғы палатаның миссиясы аяқталатынын естігенде-ақ кейбір депутаттар басқа лауазымға ауысып үлгерген еді. Бірі университеттің ректоры атанса, екіншісі аймақтарға әкім болып тағайындалды.

ӘЛІШЕР САТЫБАЛДИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Алдағы жоспарды уақыт көрсетеді. Негізінен, біршама жұмыс атқардық Парламент қабырғасында. Бірақ бұған дейін де өзіміздің жақсы тәжірибеміз бар. Жаңа бір мектептен өттік. Көптеген қырларымыз ашылды. Сол бойынша енді, әрине, жұмыс қарастыратын боламыз. Егер Құрылтайға ұсыныс болып жатса, партиялық тұрғыдан оған да жұмыс істеуге дайынбыз.

Үкімет кулуарындағы абыр-сабырдан соң, депутаттар үлкен залға қарай асықты. Көп ұзамай қос палатаның бірлескен отырысы да басталды. Бірлескен отырыста сөз алған Президент Парламенттің жұмысына жоғары баға берді. Қос палаталы Парламент қызмет атқарған 30 жылдың ішінде 3,5 мың заң шығарыпты. Ал кейінгі үш жылда 300-ден астам өте маңызды заңға қол қойылыпты. Президент сегізінші шақырылымды ең мықты құрамның бірі болды деп атап көрсетті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалды. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар. Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын» деп еш ұялмай айта алады.

Президенттің пікірінше, қыркүйекте жұмысын бастайтын Құрылтайдың құрамына отаншыл, мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Болашақ депутаттар заң шығару қызметінің сапасы мен жеделдігін арттыру қажет. Сондай-ақ қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы тиіс.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл — өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді.

Еліміз ауқымды саяси реформаның алдында тұр. Ертең жаңа Конституция ресми күшіне енеді. Содан кейін Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қояды. Президент алдағы науқан ашық, әділ әрі бәсекелі жағдайда өтуі тиіс екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң шығарушы орган қоғамдағы негізгі құндылықтарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

← Все новости