Миллиардтан астам халықтың ішінде мерейі үстем болды. Қытайда тұрып жатқан қандасымыз Оқас Сүлейменге Қытайдың ең жоғары партиялық марапаты «1 шілде» ордені табысталды. Мұны оның кеудесіне осы елдің басшысы Си Цзиньпин өз қолымен тақты. Салтанатты шара Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай өткен. Бес жылда бір берілетін бұл марапат биыл мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше үлес қосқан 8 адамға бұйырыпты. Оқас Сүлейменнің мамандығы – дәрігер. Ол 50 жылдан бері ат үстінен түспей, шалғайдағы малшыларға көмек көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде 100 мыңнан астам науқасқа шипа дарытып, жағдайы ауыр бірнеше мың адамның өмірін сақтап қалған. 3 мың 200-ден астам нәрестенің дүниеге келуіне көмектескен. Қажырлы еңбегі үшін «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері», «Қытайдың 1-ші мамыр еңбек медалі» және «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» сияқты мемлекеттік наградаларға ие болған екен.