Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Камчыбек Ташиев 4 жылға сотталды

Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген Камчыбек Ташиев 4 жылға сотталды. Бішкектің Первомай аудандық соты Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысын қосқанда, жалпы саны 8 адамға үкім шығарды. Олардың арасында Жогорку Кенештің экс-спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы мен бұрынғы депутат Курманкул Зулушев та бар. Бұларға да билікті күшпен басып алуға тырысты деген айып тағылған. Алайда ешқайсы темір торға тоғытылмайды. Алдымен 3 жыл пробациялық бақылауда болады. Осы уақыт аралығында түзу жүріп, түзу тұрса, ешқандай талапты бұзбаса түрмеге отырмайды. Сот мұндай шешімді қылмыстың соңына дейін жеткізілмегенімен түсіндірді. Сондай-ақ сегіз айыпталушының мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылданды.

АЗИРЕТ МЕДЕРОВ, ПЕРВОМАЙ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Ташиев Камчыбек Кыдыршаұлы Қырғыз Республикасы қылмыс жаза кодексінің 41-бабының 2-бөлігі, 42-бабының 2-бөлігі, 36-бап, 326-бабында көрсетілген қылмысты жасауда кінәлі деп танылсын. Мүліктері тәркіленіп, 4 жылға еркінен ажырату түріндегі жазасы белгіленсін.

Дегенмен Ташиев бастаған топ қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптан ақталды. Ал үкім шыққан бойда қамауда отырған бес айыпталушы үйіне аттанды. Алғашында прокурор судьядан 9 жыл түрме жазасын сұраған еді. Дегенмен сот кінәлілерге жеңіл жаза беруді ұйғарыпты. Айта кетейін, бұл іс мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге шақырған саяси үндеуге байланысты қозғалған. «75-тің хаты» аталып кеткен құжатқа бір топ саясаткер мен қоғам қайраткері қол қойған. Тергеу осы үндеуді билікті күшпен басып алуға дайындық ретінде бағалаған болатын.

← Все новости