Перейти к содержимому
· 3 просмотра

Ғазиз ғұмырлы ғасыр дауысы

Астана аспаны әнге бөленді. Халық әртісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған концерт көпті ерекше сезімге бөлеп, талғампаз тыңдармандардың басын қосты. Классикалық музыканың шырағын жағып, шоқтығын биіктеткен ғасыр дауысының рухы кешке қатысқан танымал әншілердің әуенімен шарықтай түсті. Саналы ғұмырын ұлт мәдениетінің ұлықталуына арнаған қазақ операсындағы нар тұлғаның шығармашылық мұрасы алтын қорымыздың төрінен ойып тұрып орын алғаны сөзсіз.

Қазақтың Ермегіне Кеңес кезінде талайлар тік тұрып қол соқты, өнеріне табынды, таңдай қақты. Бірақ тау жаңғыртар баритон дауысты опера әншісі Кеңес Одағына ғана емес, әлемге аты танылған тұлға еді. Ол өз дәуірінде елінің еркесі, операның серкесі болды. Оның есімі қазақ киносының алтын қорына да алтын әріптермен қашалды. Көрген ел көзайым болып, ішек-сілесі қата күлетін «Тақиялы періште» фильмінде де өнердің өрнегін боямасыз көрсетті.

Бүгін көмейіне бұлбұл ұялаған Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл. Алаш жұрты қайталанбас қолтаңбасы бар әйгілі өнер перзентіне құрметін көрсетті. Мерекелік концертке Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы қатысты. Ол бұл іс-шараның қазақ өнерінің тұтас бір дәуіріне тағзым ететін тағылымды кеш екенін баса айтты. Мемлекет басшысының жылы лебізін жеткізді.

АИДА БАЛАЕВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ – МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:

Ермек Серкебаев ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан бірегей дарын иесі. Талантты тұлға қазақ және әлем операларындағы таңдаулы партияларды асқан шеберлікпен орындап, талай туындыны классикалық музыканың биігіне көтерді. Сонымен қатар халық әндерін дүниежүзінің танымал сахналарында шырқап, төл мәдениетіміздің абыройын асқақтатты.

Концерт барысында өнер иесінің репертуарындағы классикалық шығармалар, халық әндері және отандық музыка мәдениетінің алтын қорына енген туындылар орындалды. Біртуар тұлғаның ұрпақтары да тағылымды кештің төрінен табылды.

БАЙҒАЛИ СЕРКЕБАЕВ, ӘНШІ, ҰЛЫ:

Мен ең алдымен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымды айтқым келеді. Әкемнің шығармашылық мұрасын ардақтап, оның жарқын есіміне ерекше құрмет көрсеткендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – біздің отбасымыз үшін де, оны танып-білген, өнерін сүйген барша жан үшін де үлкен мәртебе әрі зор мақтаныш.

Ермек Серкебаев қоғамның классикалық музыкаға деген ықыласын арттырды. Оның өрелі өнері мен бекзада болмысы өскелең ұрпаққа өнеге. Мемлекет басшысы айтқандай, ұлт перзентінің есімін ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу баршамызға ортақ міндет.

← Все новости