Перейти к содержимому
· 6 просмотров

«Әділет»: 186 кандидат Құрылтайға ұсынылды

«Әділет» партиясы Құрылтай депутаттығына 186 кандидат ұсынды.

Астанада «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өтті. Делегаттар сайлауалды бағдарламаны талқылап, кандидаттар тізімін бекітті. Сонымен қатар Жарғыға өзгерістер енгізу, мүшелік жарналардың мөлшерін белгілеу және қорытынды қаулы қабылдау мәселелері қаралды. Жиында партияның өңірлік ұйымдары толық жасақталып, филиалдарының жұмысы жүйеленгені айтылды. Ең маңыздысы, Құрылтай депутаттығына 186 кандидат ұсынылды. Олардың қатарында ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық сала, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам өкілдері бар. Партия төрағасы Айбек Дәдебай қабылданған шешімдер ұйымның алдағы бес жылдық жұмысын ғана емес, елдің жаңа саяси кезеңдегі даму бағдарының да өзегін айқындайтынын мәлімдеді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» САЯСИ ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұл бағдарлама мемлекеттің азаматқа не беретіндігі туралы ғана емес. Бұл — қоғамның да жауапкершілігін анықтайтын құжат. Әділ мемлекет әділетті қоғамсыз құрылмайды. Заңға бағынатын азаматсыз заң үстемдігі орнай алмайды. Еңбекқор адамсыз қуатты экономика қалыптаспайды. Білімге ұмтылмаған қоғам инновациялық мемлекетке айналмайды. Өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарамаған халықтың ертеңі баянды болуы екіталай. Сондықтан біз қабылдаған бағдарламаның түпкі идеясы — мемлекет пен қоғам және жеке азаматтың жаңа үйлесімді серіктестігі.

Осылайша, «Әділет» партиясы алдағы саяси науқанға толық дайын екенін мәлімдеп, ендігі басты міндет ретінде съезде қабылданған шешімдер мен көтерілген бастамаларды нақты іске асыруды алға қойды. Алдағы кезеңде өңірлердегі халықпен жұмысты күшейтіп, бағдарламаның әр тармағын кеңінен түсіндіруге және берілген уәделерді нақты нәтижеге айналдыруға басымдық беретінін жеткізді.

← Все новости