Перейти к содержимому
· 12 просмотров

Елордада «BaiQymyz» гастрофестивалі өтті

Дәстүр мен салтты дәріптейтін, дәм мен сапа тоғысқан фестиваль Астанада өтті. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайларға шабыт, Балуан Шолақтың бойына күш берген Бурабайдың қымызы жеңіп шықты. BaiQymyz-дың былтырғы байқауында Абай мен Шәкәрімнің шөлбасары үздік атанған еді. Кербез Көкшенікі несімен ерекше екен?

ЖАНАР АРҒЫН, ТІЛШІ:

Астанада «BaiQymyz» гастрофестивалі өтіп жатыр. Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатқан шараның ауқымы да кеңейе түскен. Байқауға Қазақстаннан бөлек, шетелдік қымыз өндірушілер қатысуда. Жүлдеге үмітті қатысушылардың ұлттық сусынын арнайы сарапшылар бағалайды. Олар қымыздың дәмі мен құрамына, ашыту технологиясына баса мән береді.

Ұлттық сусынды өндірушілер биыл рекорд орнатты. 60 шаруашылық 56 тонна қымыз әкеліпті.

ӘЙГЕРІМ МҰСАҒАЖИНОВА, ЭТНОГРАФ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүгін Қазақстанның түкпір-түкпірінен фермерлер келіп тұр. Қымыздың бірнеше түрін көрсетіп тұр. Әрбір қымыздың өзінің дәмі бар, өзінің ерекшелігі бар. Қуанышым шексіз. Қымыз өте ерекше сусын. Ол біздің байлығымыз.

Қатысушылар сусынның сапасы, дәмі мен дайындалу ерекшелігі бойынша сынға түсуде.

ДАРХАН ЕРҒАЛИҰЛЫ, «BAIQYMYZ» ГАСТРОФЕСТИВАЛІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Қымыздың қымыздан артықшылығы жоқ. Бәрінің қымызының дәмі бірдей, дәмді. Қазақтың табиғи қымызы ғой. Осы BaiQymyz-ға біз ақпан айынан бері дайындалып, мынадай композицияларды жасап келдік.

РЫМКЕШ ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, «BAIQYMYZ» ГАСТРОФЕСТИВАЛІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Кенже келінім бүгін бірінші рет келіп тұр. Мұның алдында үлкен келін келген. Қыздар келген. 20 жыл болды осы кәсіппен айналысып жүргенімізге. Сондықтан экспортқа шығарып, жан-жаққа шығарып, қазақтың ақ қымызын әлемге танытқымыз келеді.

Шараға шетелдік қымыз баптаушылар да қатысып жатыр. Арасында отбасылық дәстүрді жылдар бойы дәріптеп жүргендер де бар.

ЖАЛҒАС КУЛМОЛДИН, «BAIQYMYZ» ГАСТРОФЕСТИВАЛІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ (РЕСЕЙ):

Қымыз баптауды маған әжем үйретті. Әжемнен кейін әкем осымен айналысты. Қазір шаруашылықпен өзім айналысып келемін. Бұл бізде отбасылық дәстүрге айналды десем болады. Алдағы уақытта жылқылар санын көбейтуді көздеп отырмын.

Ал осы жандарды қолдап келгендердің санында есеп жоқ. 70 мыңнан астам адам жиналып, бірі ауылының, енді бірі ауданының абыройын асқақтатып жүр. Сондай-ақ мұнда ұлттық ойындарымыз ұлықталып, кіл мықтылар сайысқа түсті. Бірі қой көтеріп, екіншілері көкпар тартып, қыз қуып сайысқа түсті. Мұнда келушілерге арналған жәрмеңке мен көрме де ұйымдастырылды. Кешке әнші-бишілер сахнаның сәнін келтіріп, халықтың көңілін көтерді. Екі күнге созылған байқауда халықтың дауысымен қоса, қазылар алқасының бағасы ескеріліп, Ақмола облысының қымызы үздік деп танылды. Шаруа қожалығының иесіне су жаңа автокөліктің кілті табысталды.

ӘЛИЯ ҚАБДУЛИНА, «BAIQYMYZ» ГАСТРОФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

46 жыл бие сауып, міне, еңбегімнің жемісі. Сол күнге жеттім мен. Шыңына шықтым деп ойлаймын. Еңбегіміз бағаланды. Біздің ерекшелігіміз — біз күбімен бірге, сабада ашытамыз қымызды. Сабада дегеніміз ол күбінің қымызынан да өте жұмсақ болады, дәмді болады. Нанға қаймақты қалай жағып жейсің, сол сияқты жұмсақ өтеді таңдайға.

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараның басты мақсаты — қымызды ұлттық бренд деңгейіне көтеру. Ал бұл алаң — өндірушілерге таптырмас мүмкіндік. Яғни, шаруалар өнімін сертификаттап, қымызды экспорт нарығына шығара алады.

← Все новости