Перейти к содержимому
· 15 просмотров

Ауыл шаруашылығындағы жасанды интеллект

Күнделікті айтылатын жасанды интеллект енді егістік даласына да жетті. Агросектордың тынысын ашатын «Жаңа дала» халықаралық көрмесінде өсімдіктерді емдейтін нағыз «жедел жәрдем» көлігі көптің назарына ұсынылды. Шаруалардың кәсібін дөңгелетуге бағытталған алқалы жиында бұдан бөлек, рекордтық деңгейде асыл тұқымды бұқалар жарысы өтіп, билік өкілдері қолдау шараларын пысықтады.

«Алтын күн аспаны, алтын дән даласы…» Әнұранда асқақтайтын бұл жолдардың әр қазақ үшін орны бөлек. Өйткені астық «қара алтын» тәрізді еліміздің басты байлығы әрі берекесі. Қазір диқандар үшін ең жауапты кезең — күзгі жиын-терім науқаны таяп қалды. Қамбаны қызыл дәнге толтырар сәт қарсаңында, елорда маңында ауқымды агрофорум жалауын желбіретті.

Осымен 10-шы жыл қатарынан өткізілген «Жаңа дала» көрмесіне дүниенің 26 елінен делегаттар мен отандық агробизнес өкілдері жиналып, тәжірибе алмасты. Солардың бірі Өмірбек. 1400 шақырымды артқа тастап, Ақтөбе облысынан ангус текті асыл тұқымды сиырын ала келген.

ӨМІРБЕК АДАЙ, АГРОФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ:

Тоқымқұдықта бізде 1300 бас ангус бар. Оның ішінде 850 бас аналық бар. Қалғаны енді биылғы бұзауымыз бар, қашарымыз бар. Сайысқа қатысып, енді қазір сол бұқамызды сайысқа түсіреміз. Жүлделі орын алып, асыл тұқымды болып танылғанын көрсетуге әкеліп отырмыз.

Шара аясындағы тарту-таралғының да жөні бөлек. Ауыл еңбеккерлерінің игілігі үшін темір тұлпарлар, ірі ақшалай сертификаттар мен қажетті құрал-жабдықтар табысталды. Десе де, келген көпшілік тек мақтанып, жетістігін көрсетумен шектелген жоқ. Арнайы алаңдарда диқандардың басындағы түйткілді мәселелер ортаға салынды.

Көрмеде жұрттың назарын ерекше аударған мына бір техникаға тоқталмай кету мүмкін емес. Сырт көзге кәдімгі шағын жүк көлігі болып көрінгенімен, бұл агросектордың жедел жәрдемі екен. Жатпай-тұрмай жырлап жүрген жасанды интеллект те бұл техниканың мүмкіндігін жаңа деңгейге көтерген.

НҰРЖАН МҰХАММАДИЕВ, АГРОФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ:

Бұл жылжымалы мобильді зертхана дейміз. Былай айтқанда, жедел жәрдем өсімдіктің кез келген жеріне барып, диагностика жасап, өсімдіктерге талдау, баға беріп кетеміз. Және оларға қандай қорғау шараларын жасау керек, ұсыныс береміз. Қазіргі таңда біз өсімдік қорғау саласында қолданып жатқанымыз — жасанды интеллект арқылы жасалған ферома тұтқыш. Ол әр зиянкестің даму фазасын, оның ұшу деңгейін және қай кезде қорғау шараларын әзірлеу керек екенін білуге мүмкіндік береді.

Ауқымды басқосудан тек дала еңбеккерлері ғана емес, биліктегі ақжағалылар да бой көрсетті. Олар шетелдік инвесторлармен жүздесіп, ортақ жобаларды талқылады. Шенеуніктер агросекторға мемлекеттің қолдауы тоқтамайтынын жеткізді. Шараның басы-қасында жүрген Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, бұл көрменің түпкі мақсаты — делдалсыз байланыс орнату.

АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мысалы, бүгінгі іс-шарада Франциядан қонақтар келіп жатыр. Нидерланд елшісі қатысып отыр. Енді өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасының аясында осы жылға мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы жасалды. Қазіргі уақытта осы бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген, арзандатылған несие де беріп жатырмыз диқандарға. Олар бірінші кезекте асыл тұқымды малдарды әкеліп жатыр.

Баяндама көп болса да, бұл шара жай келді-кетті деген жиын емес. Даладағының тілін тапқандарға шеттен инвестор тартатын алаң. Шаруаларға кәсібін дөңгелетер мүмкіндік болса, бұның да игілігін ел көрер. Ал жиын-терімге ниеттенген диқандарға маусым берекелі болсын.

← Все новости