Биылғы футболдан әлем чемпионаты бұрын-соңды болмаған ерекше сыйлықпен есте қалғалы тұр. Бұл жолы жеңімпаздар кубок және алтын медальмен ғана шектелмейді, оларға түгелдей алтынмен апталған чемпиондық жүзік табысталады. Бірегей әшекейдің екі жақты дизайны болады. Бір бетінде ФИФА әлем чемпионатының кубогы бедерленсе, екінші жағында жеңімпаз елдің ұлттық рәміздері мен түстері бейнеленеді. Финал аяқталған сәтте-ақ құрама капитаны мен бас бапкеріне уақытша нұсқасы табысталады. Кейінірек барлығы дайын болған соң салтанатты түрде бәріне беріледі.
Вирустан 754 адам көз жұмды
Конгода Эбола індеті өршіп барады. Қауіпті вирус қазірдің өзінде 754 адамның өмірін жалмап, жұқтырғандар саны екі мыңнан асып отыр. Мамандар науқастармен байланыста болған жандарды анықтап, дерттің одан әрі өршуіне жол бермеу үшін жаппай бақылау жұмыстарын жүргізуде. Алайда жергілікті биліктің мәліметінше, жағдай тұрақталар емес, керісінше, аурудың таралу қарқыны күшейіп барады. Ақ халаттылардың айтуынша, әсіресе Итури мен Солтүстік Киву провинцияларында жылдам тарап, жағдайды күрделендіріп отыр. Айта кетейік, бұл жай ғана ауру емес, адам ағзасын әлсіретіп, ауыр жағдайда ішкі қан кетуге дейін жеткізетін аса қауіпті жұқпалы дерт.
Шақалақты ұрлап әкетпек болды
Бразилияда жаңа туған сәбиді перзентхана қызметкері ұрлап әкетпек болған. Ол анасына «нәрестені тексеруден өткізу керек» деп сендіріп, шақалақты өзімен бірге алып шығады. Артынша ешкімге байқатпай сәбиді қара сөмкеге салып алып, перзентханадан кетуге әрекеттенген. Алайда оның күмәнді қимылын байқаған туыстары соңынан бақылап, әжетханадан шыққан сәтінде баланы тауып алып, дер кезінде аман алып қалды. Абырой болғанда, шақалақ анасының құшағына қайтарылды. Ал күдікті бірден қамауға алынып, қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын жіті тексеріп жатыр.
Адамға толы екі кеме жоғалды
Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Мьянма жағалауында 500-ден астам жолаушы мінген екі кеме із-түзсіз жоғалып кетті. Маусым айынан бері ондаған отбасы жақындарынан хабар күтіп, үміттерін үзбей отыр. Қос теңіз көлігі Мьянманың Ракхайн штатынан жолға шыққан. Бортта болғандардың басым бөлігі — рохинджа халқының өкілдері, олардың арасында Бангладештің Кокс-Базар өңіріндегі босқындар лагерлерінен шыққан азаматтар да болған. Құтқарушылар теңізден із кесіп, жоғалғандарды іздестіру жұмыстарын тоқтаусыз жалғастырып жатқанымен, әзірге еш нәтиже жоқ.