Перейти к содержимому
· 20 просмотров

Әлем аласапыран болып жатыр…

Ауылда мәз-мейрам болып тойлап отырған қонақтарға белгісіз ер адам пышақ ала жүгірген. Қаскөй сегіз адамға суық қару сұғып, әбден жаралаған. Ойына келгенін істеген соң оқиға орнынан қашып кетіпті. Ал зардап шеккендер сол бойда ауруханаға жеткізіліп, кейбіреуіне ота жасалды. Сұмдық жағдай Германияның Эглинг елді мекенінде болды. Қазіргі таңда әлгі қаныпезерді іздеп жатыр.

Орман өрті өршіп барады

Испания аласапыран болып жатыр. Алапат орман өрті елді әбден әбігерге салды. Бейсенбі күні басталған жалынның қайтар түрі жоқ. Керісінше, жан-жаққа жайылып, бүгіннің өзінде 50 мың гектардан астам жасыл алқапты шарпыған. Әсіресе, Гвадалахара мен Сарагоса өңірлеріндегі жағдай аса күрделі. Қауіп күшейген соң, маңайдағы 16 ауылдың тұрғындары жаппай эвакуацияланып жатыр. Жүздеген өрт сөндіруші күн-түн демей тілсіз жаумен арпалысып, елді мекендер мен табиғи қорықтарды аман сақтап қалу үшін жан аямай күресуде. Алдын ала болжам бойынша, от астық орағы кезінде комбайннан шыққан ұшқыннан тұтануы мүмкін деген болжам бар.

Су тасқыны: 11 адам көз жұмды

Испания жауын-шашынды аңсап, алапат өрттің құрсауында қалса, Үндістанның Кашмир өңірінде керісінше, төпелеп жауған жаңбыр жұртты қырып жатыр. Нөсерден болған су тасқыны мен топырақ көшкіні 11 адамның өмірін жалмады. Тағы жеті адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Табиғи апат Пунч және Раджоури шекаралық аудандарында болды. Өзендер арнасынан асып, ойпаң жерлерді су басып, көліктерді ағызып әкетіп, инфрақұрылымға айтарлықтай залал келтірді. Құтқарушыларға да тыным жоқ, тұрғындарды бірінен соң бірін қауіпсіз жерге көшіруде. Жоғалғандарды іздеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Синоптиктердің болжамынша, өңірде жауын-шашын әзір басыла қоймайды, 2026 жылғы 23 шілдеге дейін жалғасуы мүмкін.

Қатарынан болған жер сілкінісі

Перуде қатарынан болған екі жер сілкінісі елді есеңгіретіп, бес адамның өмірін қиып, 21 тұрғынды жарақаттады. Кеше ғана алаңсыз күн кешіп, бейқам отырған жұрт бір сәтте баспанасыз қалып, қала инфрақұрылымы айтарлықтай қирады. Табиғаттың тосын мінезі күні кеше Хунин аймағында болды. Магнитудасы 5,1 және 3,7-лік жер сілкіністері айналаны әп-сәтте тас-талқан етті. Қазір билік зардап шеккен өңірге әскер жіберіп, іздеу-құтқару жұмыстарын күшейтіп жатыр. Құтқарушылар үйінділер арасынан аман қалғандарды іздеп, қиын сәтте қалған тұрғындарға қол ұшын созуда.

Таяу Шығыстағы қақтығыс

АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстар демалыс күндері күрт ушықты. Жұма күні Иорданиядағы әскери базаға жасалған шабуылдан екі америкалық сарбаз қаза тауып, демалыста үшінші әскери қызметкердің өлімі расталды. Ашуға булыққан АҚШ Орталық қолбасшылығы Иран аумағына жаппай әуе соққыларын жасады. Бұған жауап ретінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Кувейт, Бахрейн және Иорданиядағы америкалық базаларға зымыран мен дрондармен соққы берді. Кейін АҚШ Орталық қолбасшылығы Иран аумағына жасалған соққылар легінің аяқталғанын мәлімдеді. Алайда әскердің кез келген уақытта жауап беруге дайын екенін айтып, жоғары жауынгерлік әзірлікте тұрғанын жеткізді. Айтпақшы, геосаяси ахуалдың ушығуы салдарынан мұнай бағасы да күннен күнге өсіп барады.

← Все новости