Перейти к содержимому
· 25 просмотров

Испания Мессидің көз жасына қалды

«Реал Мадридтің» жанкүйерлері жаппай «Барселона» ойыншыларына жақтасатын матчты да көреміз деп кім ойлаған. Каталониялық клубтың 8 жігітін қатарына қосып алып, әлем чемпионатында атой салған Испания құрамасы Месси бастаған Аргентинадан басым түсті. Сөйтіп, «қызыл фурия» араға 16 жыл салып, әлем кубогін төбесіне көтерді.

Қос құрама үшін де бұл ойынның орны ерекше еді. Аргентина чемпиондық атағын қорғай ала ма, Испания 37 матчқа созылған жеңіліссіз сериясын жалғай ма деген сауал тұрды. Әйгілі тики-такасымен тірескеннің тізесін бүктіріп келген испандар алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алды. Айқын басымдыққа қарамастан бірінші таймда Мартинес күзеткен қақпаның кілтін таппады.

Мундиальдың финалдық ойынында алғаш рет дәл осындай Супербоул стиліндегі музыкалық шоу ұсынылды. Әлем чемпионатына арнап ән жазуды әдетке айналдырған Шакира біріншіліктің ресми әнұранын шырқаса, Мадонна мен Джастин Биберлер жасыл алаңды думанға бөледі.

Үзілістен кейін де ойын өрнегі өзгере қойған жоқ. Испаниялықтар қысымын үдетті, ал оңтүстікамерикалықтар өз-өзіне мүлде ұқсамады. Альбиселесте 90 минутта қарсылас қақпасына бірде-бір соққы жасай алмады. Ал чемпиондық титулдың тағдыры қосымша уақытта шешілді. Екінші экстра таймның 106-минутында Нико Уильямстың пасын сәтті пайдаланған қызыл фурия шабуылшысы Ферран Торрес гол соғып, Испанияға жеңіс сыйлады.

ЛИОНЕЛЬ СКАЛОНИ, АРГЕНТИНА ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

39 жас. Ойлаңыздаршы. Ұлылығын әлі де дәлелдеп келеді. Ол мансабымды аяқтадым демейінше командада өнер көрсете береді. Өйткені ол — футбол тарихындағы ең үздік ойыншы. Бұған ешкімнің таласы жоқ!

39 жасында атой салып, кубокты ұтсам деген Мессидің арманы осылайша сағымға айналып кете барды. Дегенмен мундиальда 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас шығарған ол турнирдің үздік ойыншыларының бірі атанды.

ЛИОНЕЛЬ МЕССИ, АРГЕНТИНА ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

Финалда жеңілу өте ауыр. Испанияны құттықтаймыз. Олар ғаламат ойын көрсетті әрі мықты қарсылас екенін дәлелдеді. Соған қарамастан, соңғы секундқа дейін айқасып, жасыл алаңда бар күшін сарп еткен командаластарыммен мақтанамын.

Ал испандардың қуанышында шек жоқ. Өйткені қызыл фурия өз тарихында екінші рет әлем чемпионы атанды.

ПЕДРО ПОРРО, ИСПАНИЯ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:

Өте қуаныштымын, төбем көкке жеткендей қуаныштымын! Сонымен бірге, бұған әлі де сенер емеспін, жүрегім жарылып кетердей болып тұр. Арада бірнеше күн өтсе де, сенуім қиын болады-ау. Бірақ, ең алдымен, бізді ең алғашқы күннен бастап қолдаған барша жандарға үлкен рақмет айтқым келеді.

Испанияның ойыншылары жекелей жүлдеге де қарық болды. Жартылай қорғаушы Родри жарыстың үздік ойыншысы атанса, қорғаушы Пау Кубарси «үздік жас футболшы» деп танылды. Біріншілікте 10 гол соққан Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе «үздік сұрмерген» болса, сегіз кездесуде 1 ғана гол өткізген Унаи Симон «алтын қолғапты» иемденді.

УНАИ СИМОН, ИСПАНИЯ ҚҰРАМАСЫНЫҢ ҚАҚПАШЫСЫ:

Бұл жерде тек өзімнің ғана еңбегім бар деп айта алмаймын. Бар болғаны бір-ақ гол өткізіп, осындай рекорд орнатуға септігін тигізген барша командаластарыма қарыздармын. Қорғаныста осындай жоғары деңгей көрсете алғанымыз үшін жігіттерге шексіз ризамын әрі олармен мақтанамын.

Әлем чемпионатының финалы ерекше сәттермен де есте қалды. Жас жұлдыз Ламин Ямаль ойын аяқталған соң көз жасына ерік берген Лионель Мессиді жұбатып, кісілігін де, кішілігін де танытты деп жатыр көпшілік. 19-ында әлем чемпионы атану оңай емес, әрине. Ол қуанышын жасыл алаңда кенже інісімен бірге тойлады. Ал мына бір сәт еріксіз езу тартқызады. Кукурельяның әрекеті тойдан қайтқандай әсер қалдырады. Не десек те, қарсылас шақ келтірмеген Испания құрамасы қанжығасы майланып, көңілі жайланып үйіне қайтты.

← Все новости