Елімізде автонесие алу тәртібі жеңілдей түспек. Осы мақсатта борыштық жүктеме коэффициентін алып тастау көзделіп отыр. Бұл жайлы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты. Ал борыштық жүктеме коэффициенті деген не? Ол азаматтың ай сайынғы табысының қанша бөлігі оның барлық несиелері бойынша төлемдерге кететінін көрсететін тетік. Бұған дейін ол кірістің 50 пайызынан аспауы тиіс болған. Мәселен, адам айына 500 мың теңге алса, төлейтін кредитінің жалпы сомасы 250 мың теңгеден аспауы керек. Енді Үкімет осы шектеуді алып тастауды көздеп отыр. Отырыста министр жеке тұлғаларға арналған автолизингті дамыту жоспарланып отырғанын жеткізді. Бірақ бұл бағдарламаның егжей-тегжейі, соның ішінде клиенттерге қойылатын талаптар, мерзімдері мен автокөліктердің құны жайлы тұщымды ештеңе айтылмады.