Перейти к содержимому
· 7 просмотров

Газа секторындағы халық бір жұтым қара суға зар…

Газа секторындағы халық бір жұтым қара суға зар болса, Чилиді керісінше жойқын су тасқыны шайып жатыр. Әлемнің қос нүктесіндегі гуманитарлық және табиғи апаттар мыңдаған адамның өмірін тозаққа айналдырды. Таяу Шығыста су инфрақұрылымы толық қирап, жұқпалы аурулар өршісе, Оңтүстік Америкада билік лай көшкінінен кейін төтенше жағдай жариялауға мәжбүр. Бұл уақытта Еуропада да тыныштық жоқ: Италияда тәртіп сақшыларының қатыгездігі халықтың жаппай бас көтеруіне түрткі болды.

ҚАРА СУҒА ЗАР БОЛЫП ОТЫР. ПАЛЕСТИНА

Газа секторындағы халық аптап ыстықта қара суға зар болып отыр. БҰҰ мен гуманитарлық ұйымдар аймақтағы бұрын-соңды болмаған экологиялық апат туралы айтып дабыл қағуда. Ауыз су тапшылығынан тұрғындар тіпті бірнеше литр тұщы су табу үшін қауіпті әрі қираған аудандарға аяқ басуға мәжбүр.

ИБТИСАМ АЛЬ-ХЕЛУ, БОСҚЫН:

Мен теңіз жағасында тұрамын, бірақ мұнда су өте аз, тым аз. Күн сайын осының азабын тартамын. Таңсәріде оянып, су іздеуге шығамын. Аль-Минаға, Аль-Амадиге, Абу-Мазенге дейін барамыз, суы бар жерлерді іздейміз. Өйткені мұнда су мүлдем жетпейді. Су бізге үш күнде бір, кейде аптасына бір рет қана келеді.

БҰҰ бағалауы бойынша, Газадағы 1 миллионнан астам адам күніне алты литрге де жетпейтін су тұтынады. Соғысқа дейін бұл көрсеткіш 85 литр болған. Су мен сабынның жоқтығы түрлі аурулардың өршуіне әкелді. Амалы таусылған балалар ластанған теңізге шомылуға мәжбүр, ал бұл жұқпалы инфекцияларды одан сайын ушықтыруда.

САИД ЭЛЬ-АКЛУК, ГАЗА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ САНИТАРИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ӨКІЛІ:

Су инфрақұрылымының 80 пайызы толық қираған. 320 құдықтың 210-нан астамы бұзылған, су құбырлары желілерінің басым бөлігі істен шыққан. Теңіз суын тұщытатын орталық қондырғы мен басқа да тұщыту станцияларының 80 пайызға жуығы қирап, тек біреуі ғана қалды. Мұның бәрі палестиналық азаматтардың өміріне қауіп төндіріп, судың сапасына кері әсерін тигізді.

Гуманитарлық қызметкерлер су таситын көліктер орталықтандырылған жүйені алмастыра алмайтынын айтады. Израиль тарапы маңызды инфрақұрылымға әдейі шабуыл жасамайтынын айтқанымен, дағдарыс күн санап тереңдеп, зардабы ондаған жылдарға созылатын экологиялық апатқа айналып барады.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ. ЧИЛИ
Чилиде толассыз жауынның салдарынан жойқын су тасқыны мен лай көшкіні жүріп, кем дегенде бес адам қаза тапты. Елдің 16 аймағының онында табиғи апат тіркеліп, кей жерлерде рекордтық мөлшерде жауын-шашын түскен. Инфрақұрылым қирап, мыңдаған тұрғын жарық пен байланыссыз қалды.

ИВАН АЛЬТАМИРАНО, ТҰРҒЫН:

Сұмдық жағдай болды, өйткені адамдар көз жұмды. Тіпті тән жарақатын алмағандардың өзіне бұл оқиға ауыр тиді. Круз-де-Канадада тұратындардың барлығы үшін бұл үлкен қайғы. Билік өкілдері көшелер мен электр желілерін қалпына келтіреді деп үміттенемін. Баламмен бірге лай көшкінінің ортасында қалдық. Дегенмен, көмекке келген билікке алғысымыз шексіз.

Апат ауқымын бағалаған ел билігі бірден әрекетке көшті. Сантьягода Чили президенті Хосе Антонио Каст ахуалға байланысты шұғыл мәлімдеме жасап, нақты шаралар қабылданғанын жеткізді.

ХОСЕ АНТОНИО КАСТ, ЧИЛИ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз апатқа байланысты төтенше жағдайды қашан жариялау керектігін бағалай алдық. Қажет болған жағдайда белгілі бір аймақтар немесе провинцияларда осы конституциялық төтенше жағдайды енгізуді ұйғардық. Бұл шараны Кокимбо аймағында және Уаско провинциясында жүзеге асырамыз деп шештік.

Чилидің төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығынан 99 мыңнан астам адам апат аймағында қамалып қалған және сырттан келетін көмекке зәру. Бірнеше тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен. Қазір апат аймақтарына әскери тікұшақтар мен жүк көліктері жұмылдырылып, халықты эвакуациялау және қаза тапқандардың денесін алып шығу жұмыстары жалғасуда.

ИТАЛИЯДА ЖАППАЙ ШЕРУ. ИТАЛИЯ
Италияның Болонья қаласында полиция мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Жаппай наразылыққа тәртіп сақшылары ұстамақ болған марокколық кәсіпкердің өлімі себеп болған. Желіде тараған видеода екі полицейдің оны жерге етбетінен жатқызып, күшпен басып тұрғаны көрінеді. Ер адамның тұншығып, бірнеше рет көмек сұрағаны, содан кейін қозғалыссыз қалғаны байқалады. Бұл оқиға халықтың ашу-ызасын тудырып, жүздеген адам әділдік талап етіп көшеге шығып, тәртіп сақшыларына түрлі заттар лақтырған. Наразы топты тарату үшін арнайы жасақ көзден жас ағызатын газ бен су шашуға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта прокуратура іс қозғап, тергеуді бастады. Бұл оқиға қоғам мен саясаткерлер арасында үлкен резонанс тудырып отыр.
← Все новости