Перейти к содержимому
· 6 просмотров

Ұрттап алып рөлге отырғандар 8 жылға куәлігінен айырылады

Енді ұрттап алып, темір тұлпар тізгіндегендер 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Елімізде масаң күйде рөлге отырғандарға қатысты жаза одан сайын қатаңдай түспек. Бұл талап ішімдік ішкендермен қатар, есірткіге еліккендер мен уытқұмарларға да қатысты. 25 тамыздан бастап күшіне енетін «Жол жүрісі туралы» заңда осындай шаралар көзделген. Бұл өзгерістердің бәрі жолдағы қауіпсіздікті нығайтуға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАСЫМАЛДАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Енді қылмыстық іс жәбірленушімен татуласуына байланысты тоқтатылғанның өзінде, құқық бұзушы сегіз жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды. Барша жол жүрісіне қатысушыларды жолда жүру қағидаларын қатаң сақтауға шақырамыз. Сондай-ақ бұл талапқа жататын жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден уақытылы өтуі қажет.

Жаңа ережеге сәйкес, 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет. Егер дәрігерлер машина айдамай-ақ қойғаны абзал десе, онда басқару құқығы тоқтатылады. Бұдан бөлек, заңда көзделген жағдайларда жолда жүру қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер қайтадан теориялық емтихан тапсыруға міндеттелмек.

АҚТОТЫ БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАСЫМАЛДАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылықтар. Бұл талап барлық жүргізушіге емес, тек заңда нақты көзделген жағдайларда ғана қолданылады. Егер жүргізуші дәлелді себепсіз тиісті қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде теориялық емтиханға келмесе, бұл да көлік құралын басқару құқығын тоқтатуға негіз болады.

← Все новости